Желіде тойда музыканы харам, ал әншілерді шайтанның азаншысы деп уағыз айтқан ер адам талқыға түсті, деп хабарлайды qaznews.kz.
Біз мұсылман болғаннан кейін шариғаттың үкімі болады. Арақ деген бәледен құтылдық. Бірақ тағы екі нәрсе бар: біреуі музыка деген бәледен құтылуымыз керек. Ол шариғатқа түк те сай келмейді. Екіншісі — ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды. Себебі біз Алланың алдына барамыз да жауап береміз. Ал әншірлерді шариғатта шайтанның азаншысы деп айтады, — дейді видеодағы ер адам.
Бұл видеоға қатысты Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин да пікір білдірді.
Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады. Сол секілді, өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік. Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді, — дейді Қарин.
Ол көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайтынын атап өтті.
Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Сол себепті, ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет, — дейді Ерлан Қарин.
Сонымен қатар, бұл жағдайға қатысты ҚМДБ өкілдері де жауап қатты.
«Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұнда тойда пікір білдірген адамның сөзі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам арасында түсінбеушілік туғызуда.
Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз.
Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды. Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеп келеді. Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз, — дейді басқарма өкілдері.