Қытайдың Хайнань аралынан Астанаға ұшуы тиіс 150-ден астам жолаушы бір тәуліктен астам уақыт әуежайда күтуге мәжбүр болған. Олардың арасында 30 егде жастағы әйел мен 20 бала бар. Бұл туралы әлеуметтік желіде жолаушылар шағымданды, деп жазады QazNews.kz.
Threads желісінде бір жолаушы рейстің ұзақ уақытқа кешіккенін және Air Astana өкілдерінен нақты түсініктеме ала алмағанын жазған.
Оның айтуынша, балалар мен егде жастағы жолаушылар орындықтарда түнеуге мәжбүр болған. Ал басқа елдердің жолаушылары да жағдайға алаңдаушылық білдірген.
Air Astana не дейді?
Әуе компаниясы Санья – Астана бағытындағы KC584 чартерлік рейсінің кешіккенін растады.
Ұшақ 4 қарашада ұшуы керек болған. Алайда техникалық ақауға, нақтырақ айтқанда, гидравликалық жүйенің жасыл контурындағы қысымның төмендеуіне байланысты рейс келесі күнге шегерілген.
«Ақау шыққан бөлшек ауыстырылды. Жолаушыларға трансфер, тамақ және қонақүй ұсынылды», – деп хабарлады әуе компаниясы.
Air Astana мәліметінше, ұшақ 5 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 10:07-де Саньядан ұшып шыққан. Астанаға сағат 14:45-те жетеді деп жоспарланған.
Осылайша, рейс 27 сағатқа кешіккен. Әуе компаниясы жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрады.


