Ақтөбеде оқ жарақатымен ер адамның мәйіті табылды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, полиция күдіктіні іздестіріп жатыр, деп жазады QazNews.kz.
16 қараша күні таңертең Нұрлы Тан және Ғазиза Жұбанова көшелерінің маңындағы аумақты полиция қызметкерлері қоршауға алған. Куәгерлер атыс дыбысын естігенін хабарлаған.
Полицияның мәліметінше, ер адамның оқ жарақатынан қаза тапқаны анықталған. Қазір күдіктіні анықтап, ұстауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпарат жарияланбайды.
Оқиғаға байланысты маңайдағы балабақшаға баратын жол да уақытша жабылған.
Бұған дейін бірқатар БАҚ қаза тапқан адам жергілікті Helios жанармай құю бекеттері желісінің директоры Айболат Жисов болуы мүмкін екенін жазды.
Сондай-ақ оқиғаның қарақшылық шабуыл кезінде болғаны туралы ақпарат тарады. БАҚ мәліметінше, марқұмның жұбайы бірнеше рет оқ атылғанын естіген. Кейін ол қара бетперде киген ер адамды көрген. Күдікті одан ақша мен алтын талап етіп, артынша жәбірленушінің көлігімен оқиға орнынан қашып кеткен деген болжам бар.
Алайда полиция бұл мәліметтерді әзірге ресми түрде растаған жоқ. Құқық қорғау органдары тұрғындарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.


