Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қайтыс болуына байланысты бірқатар жауапты тұлға қызметінен босатылды. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады QazNews.kz.
Университет басшылығы қайғылы оқиғадан кейін бірқатар шұғыл шешім қабылдаған. Атап айтқанда, тәрбие жұмысының тиісті деңгейде жүргізілмеуі, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіптің сақталмауына байланысты Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор және География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды.
Бұдан бөлек, қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Университет әкімшілігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасыға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қазір оқу орнының барлық жатақханасында бақылау күшейтілген. Сонымен қатар студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға кәсіби психологиялық көмек көрсету бағытында қосымша шаралар қолға алынған.
Университет өкілдерінің айтуынша, оқу орны оқиғаға қатысты ақпаратты жасырмайды және құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге жан-жақты көмек көрсетеді.
Алайда ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты істің өзге мән-жайлары әзірге жарияланбайды. Университет тергеу барысындағы жаңалықтар туралы қоғам мен марқұмның жақындарын хабардар етіп отыруға уәде берді.
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-да тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Оқу орнының бірінші курс студенті көз жұмды. Осы жағдайға байланысты Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ 8 қарашада ҚазҰУ баспасөз қызметі География және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қайтыс болғанын растаған еді.


