Жамбыл облысында жоғары сынып оқушысы соққыға жыққан 14 жастағы жасөспірім комаға түсті. Ол екінші күн қатарынан жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, баланың миы мен өкпесі ісінген, деп жазады QazNews.kz.
Жамбыл аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленовтің айтуынша, баланың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз.
«Науқастың жағдайы әлі де өте ауыр. Ол дәрі-дәрмектің көмегімен комаға түсірілген, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қазір барлық қажетті ем-дом жасалып жатыр. Жағдайына байланысты әзірге қалаға тасымалдауға болмайды», – деді ол.
14 жастағы жасөспірім аудандық ауруханаға кешке жеткізілген. Куәгерлердің айтуынша, оны ауруханаға басқа балалар алып келген. Дәрігерлер келген кезде баланың жүрегі тоқтап қалған. Алайда медицина қызметкерлері жүрегін қайта соқтырған.
Оқиға Бірлесу-Еңбек ауылындағы клуб маңында болғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, 9-сынып оқушысына 11-сынып оқушысы кеуде тұсынан бірнеше рет соққы жасаған. Ауыл тұрғындары бұл жағдайды мектептегі әлімжеттікпен байланыстырып отыр.
Оқиғаға қатысты полиция да түсініктеме берді.
Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Оспановтың айтуынша, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, полицияға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұрыннан таныс екі кәмелетке толмаған бала арасында жанжал туындаған. Сол кезде олардың бірі екіншісіне соққы жасаған», – деді ол.


