«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының топ-менеджерлерінің жалақысы мен сыйақысы 30 пайыздан астамға өскен. Бұл шешім шағын бизнесті қолдау жоспары толық орындалмаған жағдайда не себепті қабылданғаны туралы қор басшысы Фархат Сарсекев түсініктеме берді, деп жазады QazNews.kz.
Брифинг барысында журналистер қор басшысынан шағын бизнесті қамту жоспары орындалмаса да, топ-менеджерлердің жалақысы мен сыйақысының не себепті көтерілгенін сұрады.
Фархат Сарсекевтің айтуынша, өткен жылы қор жалпы сомасы 2,2 триллион теңгені құрайтын 13 мыңнан астам жобаны қолдаған. Сонымен қатар проблемалық несиелердің үлесі 1,7 пайыздан аспайды.
Қор басшысы жалақыны көтеру туралы шешім осы нәтижелер мен инфляцияның өсу қарқыны ескеріле отырып қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, бастаманы директорлар кеңесі мен акционер мақұлдаған.


