Сенбі, 14 ноября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпСалық реформасы бүкпесіз: Астанада Салық кодексінің даулы нормалары талқыланды

Салық реформасы бүкпесіз: Астанада Салық кодексінің даулы нормалары талқыланды

Бүгін елордада алтыншы рет Салық форумы-2026 жиыны өтті. Салық салу мәселелеріне арналған еліміздегі ең ірі кәсіби іс-шаралардың бірі Radisson Hotel Astana қонақүйінде ұйымдастырылып, офлайн және онлайн форматта шамамен екі мың қатысушыны біріктірді, деп жазады QazNews.kz.

Талқылаудың негізгі тақырыптары жаңа Салық кодексін қолданудың алғашқы нәтижелері, кәсіпкерлерге түсетін салық жүктемесі, тексерулер және заңнаманы түзету жөніндегі ұсыныстар болды. Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер, бухгалтерлер, салық консультанттары мен заңгерлер қатысты.

Спикерлер қатарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, «Атамекен» ҰКП өкілі Тимур Жаркенов, Құрылтай депутаты Ербол Данагұлов, реттеуші саясат және салық салу жөніндегі сарапшы, Respublica партиясының өкілі Айтуар Қошмамбетов, Учет.kz порталының негізін қалаушы Максим Барышев және басқа да сарапшылар болды.

Іс-шараны заңгер, салық консультанты, «Қазақстан салықтары» қауымдастығының төрайымы Екатерина Ким ұйымдастырып, модераторлық етті.

Бизнес мемлекет тарапынан естілуі тиіс

Форумның басты міндеттерінің бірі ретінде Екатерина Ким кәсіпкерлер мен мемлекет арасында тікелей диалог орнату қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, салықтық бастамаларды талқылау кәсіпкерлердің өздері толыққанды қатыспайтын жабық кабинеттерде ғана жүргізілмеуі керек.

«Мұндай форумның мақсаты – бизнестің үнін естірту. Еліміздің Президенті жекелеген Салық кодексі нормаларын қайта қарау қажеттігі туралы айтқан мәлімдемелері кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдететін нақты үкіметтік шешімдерге негіз болады деп үміттенеміз», – деді Екатерина Ким.

Screenshot

«Біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасы “Атамекенмен” және Қаржы министрлігімен үнемі байланыстамыз. Олар әрдайым бізге қолдау көрсетіп, ұсыныстарымызды тыңдайды және көп жағдайда ескереді».

Жаңа Салық кодексі: бизнеске тыныс алу мүмкіндігі мен түсінікті ережелер қажет

Салық реформасының кәсіпкерлер үшін елеулі салдары туралы Учет.kz порталының негізін қалаушы Максим Барышев айтып берді. Оның бағалауынша, өзгерістер ауқымы соншалықты үлкен болды, көптеген компаниялар қаржылық және операциялық процестерін уақытында қайта құрып үлгермеді.

«Шынын айтқанда, бизнес шок жағдайында қалды. Жаңа Салық кодексі бірден тым көп нәрсені өзгертті: мөлшерлемелерді, шекті көрсеткіштерді, режимдерді, шегерім ережелерін. Кәсіпкерлерге процестерді сабырмен қайта құруға, бағаны қайта есептеуге және контрагенттермен келісуге уақыт берілмеді. Жылдың басындағы жағдай бәріміздің есімізде – сатылым тоқтап қалды», – деді ол.

Максим Барышев ең өзекті мәселелердің бірі ретінде кассалық алшақтықтарды атады. Тұтынушылардың сатып алу қабілетінің төмендеуі, бағаның өсуі және корпоративтік клиенттердің жеткізу тізбектерін қайта қарауы кәсіпкерлердің бірқатар тапсырыс берушілерінен айырылуына әкелді.

Атап айтқанда, оңайлатылған салық режимін қолданатын компаниялармен B2B мәмілелері бойынша шегерімдерге тыйым салу мұндай жеткізушілермен жұмыс істеуді тиімсіз етті.

«Нәтижесінде түсім азайды, ал салық, жалақы және жалдау ақысы бойынша міндеттемелер сол күйінде қалды. Әсіресе шағын бизнеске қиын, өйткені оның мұндай тұрақсыздықты бір жыл бойы еңсеруге жеткілікті қаржылық қоры жоқ», – деп түсіндірді сарапшы.

Салық реформасы қосымша бағалауды және түзетулерді қажет ететінімен реттеуші саясат және салық салу жөніндегі сарапшы, Respublica партиясының өкілі Айтуар Қошмамбетов те келіседі.

Оның пікірінше, әзірге түпкілікті қорытынды жасауға ерте, алайда қазірдің өзінде әртүрлі бағыттағы үрдістер байқалып отыр. Ол келтірген мәліметтер бойынша, 300 мыңнан астам жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан, сонымен қатар 200 мыңнан астам жаңа кәсіпкерлік субъектісі ашылған.

Сарапшы сондай-ақ бірқатар өңірлерде шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы түсімдерінің азайғанын атап өтті.

«Салық кодексі қоғамда кеңінен талқыланып жатыр және оның бизнеске де, ел азаматтарына да әсерін бағаламауға болмайды. Ол әрбір тұрғынға, әрбір кәсіпорынға қатысты. Қазіргі кезеңде оның ықпалын нақты бағалау өте қиын деп ойлаймын, өйткені іс жүзінде қолданылғанына небәрі он ай өтті. Салық реформасы белгілі бір түзетулерді және ұзақ мерзімді бағалауды қажет етеді деп айтуға болады», – дейді Айтуар Қошмамбетов.

Максим Барышев қажетті өзгерістердің қатарында оңайлатылған режимдегі салық төлеушілермен B2B мәмілелері бойынша шегерімдерге салынған тыйымды алып тастауды, еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайтуды және салықтық әкімшілендіруді жұмсартуды атап өтті.

Оның пікірінше, қолданыстағы шектеулер шағын бизнесті жеткізу тізбектерінен ығыстырып шығарады, ал ресми жұмысқа орналастырудың жоғары құны қызметкерлер санын қысқартуға және жұмыспен қамтудың көлеңкелі секторға кетуіне ықпал етуі мүмкін.

Айтуар Қошмамбетов те нысаналы өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, үкімет жобалық кеңсенің, Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және «Атамекен» ҰКП-ның ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, шамамен 45 түзетуден тұратын пакет әзірлеген.

Мысал ретінде ол мүлікті әр үш жыл сайын бағалау талабын және айналымы белгіленген шектен төмендеген жағдайда ҚҚС бойынша есептен шығу мүмкіндігінің жоқтығын келтірді.

Сонымен қатар сарапшы салықтық бақылаудың шамадан тыс қатаң құралдарын қолданудан сақтандырды.

«Жаңа түзетулер жазалау сипатында болмауы маңызды. Белгілі бір тексерулер мен бұзушылықтар кезінде кәсіпкерлердің ЭШФ жазып беруіне тыйым салу туралы ұсыныс бар екенін естідім. Бірақ бұл шектен тыс шара, ол бизнестің жұмысын толығымен тоқтатады. Мұндай нормаларға жол беруге болмайды», – деді Respublica партиясының өкілі.

Мораторий және цифрландыру: жүйені өзгертуге үш жыл

Сарапшылар Президент жариялаған микро және шағын бизнеске қатысты тексерулерге арналған үш жылдық мораторийге де ерекше назар аударды.

Максим Барышев бұл шара кәсіпкерлерге бейімделу үшін қажетті уақыт беретінін атап өтті. Алайда мораторий салықтық бақылаудың толық тоқтатылуын білдірмейтінін ескертті. Оның жекелеген түрлері, соның ішінде ЭШФ, ККМ және камералдық талдау арқылы қашықтан бақылау сақталады.

«Кәсіпкерлерге кеңесім: мораторийді бухгалтерлік есепті ретке келтіріп, құжат айналымын автоматтандырып, ашық әрі айқын процестер құруға мүмкіндік беретін кезең ретінде қабылдаңыздар. Сонда мораторий аяқталғаннан кейін де ешқандай тәуекел болмайды», – деді Учет.kz негізін қалаушы.

Айтуар Қошмамбетов те бұл кезеңді жүйелі өзгерістерге пайдалану қажеттігімен келіседі.

Screenshot

Ол 2026 жылы кәсіпкерлер бірден бірнеше жаңашылдыққа тап болғанын еске салды: Тауарлардың ұлттық каталогы, жаңа Салық кодексі, қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі, таңбалау тізбесінің кеңеюі, ЭШФ бойынша жаңа талаптар және жаңартылған салық кабинеті.

Мұның бәрі қосымша уақыт пен қаржылық ресурстарды талап етеді.

Айтуар Қошмамбетовтің пікірінше, үш жыл ішінде мемлекеттік органдардың цифрлық дерекқорларын өзара үйлестіру қажет. Сонда бизнес мемлекетте электрондық форматта бар мәліметтерді қайта-қайта ұсынуға мәжбүр болмайды.

«Осы үш жылдық мораторий аяқталғаннан кейін біз жай ғана: міне, үш жыл демалдыңдар, енді қайта бастаймыз деп айтпауымыз керек. Жалпы, мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынасының жаңа жүйесі қажет», – деп атап өтті сарапшы.

Цифрландыру мәселелері тауар есебінде ерекше байқалады. Максим Барышевтың айтуынша, кәсіпкерлер бір мезгілде бірнеше жүйедегі ақпараттың сәйкестігін қамтамасыз етуге мәжбүр.

Тауар Тауарлардың ұлттық каталогында дұрыс сипатталуы, ЭШФ мен ілеспе жүкқұжаттарында көрсетілуі, виртуалды қоймада есепке алынуы және ККМ арқылы өткізілуі тиіс.

«Кез келген кезеңдегі сәйкессіздік тәуекелге айналады: хабарлама, ЭШФ жазып беруді бұғаттау немесе камералдық бақылау кезінде сұрақтар туындауы мүмкін», – деп түсіндіреді ол.

Әсіресе ассортименті кең шағын дүкендер мен Kaspi, Wildberries және Ozon маркетплейстері арқылы жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қиын.

Комиссияларды, қайтарымдарды, комиссионер есептерін және сауда алаңдарының қоймаларындағы тауар қозғалысын көрсету мәселелері туындайды.

Сарапшы мемлекеттік жүйелердің техникалық дайындығына да назар аударды. Талаптар интеграциялар жаңартылғаннан жылдамырақ өзгеріп отырады, ал кәсіпкерлер өз кінәсінен туындамаған қателер үшін жауап беруі мүмкін.

«Мұнда үйлесімділік қажет: алдымен дайын әрі сынақтан өткен құралдар, содан кейін жаңа міндеттемелер», – деп есептейді Барышев.

Бизнес заңдарды әзірлеуге қатысуы тиіс

Нақты салықтық өзгерістерден бөлек, Айтуар Қошмамбетов кәсіпкерлік қауымдастықтың заңнаманы әзірлеуге қатысу мәселесін көтерді.

Оның пікірінше, жүйелі проблемалардың бірі – салық заңнамасының реттеушілік әсерді талдау механизмінен шығарылуы. Бұл механизм жаңа талаптардың бизнес пен жекелеген салалар үшін экономикалық салдарын бағалауға мүмкіндік беретін еді.

«Бұл бизнес үшін экономикалық тұрғыдан көтере алмайтын нормаларды алып тастауға мүмкіндік беретін жақсы сүзгі болатын», – деді сарапшы.

Ол сондай-ақ салықтық қатынастарды реттеудің едәуір бөлігі заңға тәуелді актілерге, яғни үкімет пен салалық министрліктердің құзыретіне өткеніне назар аударды.

Оның пікірінше, шешім қабылдау кезінде тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін сақтап, жаңа талаптар тікелей әсер ететін тараптардың мүдделерін ескеру қажет.

Айтуар Қошмамбетов кәсіби форумдар мен ашық пікірталастар кейінгі түзетулерді әзірлеуге негіз болатын кері байланыс құралына айналуы тиіс деп есептейді.

Оның айтуынша, Respublica партиясы кәсіпкерліктің мүддесін қорғап, бизнес бастамаларын, соның ішінде заңнамалық түзетулер енгізу арқылы қолдауға ниетті.

Қорытынды

Жалпы, форумға қатысушылар салық реформасы тек жекелеген нормаларды түзетуді ғана емес, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимыл жүйесін түсінікті әрі тиімді етуді де қажет етеді деген ортақ пікірге келді.

Бизнестің басты сұранысы – болжамды әрі тұрақты ережелер, артық әкімшілік жүктемені азайту және заң талаптарын орындауға көмектесетін, қосымша кедергілер туғызбайтын цифрлық құралдар.

Сонымен қатар кәсіби алаңдарда басталған диалог заңнамалық шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде де жалғасуы тиіс.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр