Жексенбі, 17 мая, 2026
spot_img
Басты бетЖаңалықтарАлматыда жол инфрақұрылымының беріктігін арттыруға бағытталған тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде

Алматыда жол инфрақұрылымының беріктігін арттыруға бағытталған тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде

Алматы қаласында жол құрылысы саласында жаңа материалдар мен технологиялардың тиімділігін анықтауға арналған тәжірибелік учаскедегі жұмыстар қолға алынды. Арнайы мониторинг аясында жүргізілген жұмыстардың мақсаты – қолданылған материалдардың сапасы мен ұзақ мерзімді тиімділігін сараптау, деп хабарлайды QazNews.kz

Тәжірибелік зерттеу автомобиль жолының арнайы белгіленген бөлігінде өткізілген. Мониторинг барысында жол жабынының жай-күйі, материалдардың беріктігі және пайдалану кезіндегі техникалық көрсеткіштері бақылауға алынған. Сонымен қатар аспаптық тексерулер жүргізіліп, алынған нәтижелер сараптамадан өтуде.

Жоба аясында Алматы қаласындағы жар қабақты аумақтарды бекіту және олардың беріктігін арттыру жұмыстары да жүргізілген. Мамандардың айтуынша, мұндай инженерлік шешімдер жол жиегінің опырылу қаупін азайтып, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аталған жұмыстарға Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының маманы Қалижан Құлманов қатысып, зерттеу процесіне техникалық бақылау жүргізді. Оның айтуынша, тәжірибелік учаскелерді енгізу жол құрылысына қолданылатын жаңа технологиялардың тиімділігін нақты жағдайда бағалауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда жол саласында қолданылатын материалдарға қойылатын талап күшейіп келеді. Сондықтан тәжірибелік учаскелер арқылы олардың төзімділігі мен тиімділігін алдын ала тексеру маңызды, – деді маман.

Сала өкілдерінің пікірінше, мұндай тәжірибелік жобалар болашақта жол сапасын жақсартуға, жол жабынының қызмет ету мерзімін ұзартуға және жөндеу шығындарын азайтуға ықпал етеді.

Қазіргі таңда мониторинг нәтижелері кезең-кезеңімен сараланып жатыр. Зерттеу қорытындысы бойынша тиімділігі дәлелденген материалдар мен технологияларды қала көшелерінде кеңінен қолдану мәселесі қарастырылмақ.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр