Жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып жатқанымен, оның қауіптері әлі толық зерттеліп үлгермеген. Осыған байланысты БҰҰ әлем елдері мен технологиялық компанияларды қауіпсіздік ережелерін шұғыл түрде келісуге шақырды, деп хабарлайды qaznews.kz.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің айтуынша, жасанды интеллекттің дамуы онымен байланысты тәуекелдерді түсіну деңгейінен әлдеқайда жылдам жүріп жатыр. Оның сөзінше, бұл мәселені бір ғана елдің күшімен шешу мүмкін емес.
– Ұлттық деңгейдегі шаралар маңызды. Алайда жаһандық үйлестіру қажет. Өйткені шекаралар жасанды интеллектіні де, онымен байланысты қауіптерді де тоқтата алмайды, – деді Гутерриш.
Ал БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк автономды жасанды интеллект жүйелеріндегі ақаулар маңызды инфрақұрылымдардың жұмысына әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, мұндай жағдайларда адамдар таза ауыз судан, жылу жүйелерінен және қаржылық қызметтерден уақытша қағылуы ықтимал.
Фолькер Тюрктің сөзінше, жасанды интеллектке қатысты кейбір проблемалар бүгінде-ақ көрініс бере бастаған. Атап айтқанда, бақылау құралдары азаматтардың жеке өміріне қауіп төндірсе, автоматтандыру әлеуметтік осал топтардың жағдайын күрделендіруі мүмкін. Сонымен қатар, жасанды интеллект арқылы жасалған жалған ақпарат қоғамдық пікірталастарға ықпал етіп жатыр.


