Air Astana әуе компаниясының жолаушысы Тбилисиден Алматы арқылы Вьетнамның Дананг қаласына ұшқан сапары кезінде қол жүгінде болған 3400 АҚШ долларының жоғалып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Әйелдің айтуынша, ақша салынған конверт сапар бойы өзімен бірге болған. Алайда Вьетнамға жетіп, қонақүйге орналасқаннан кейін конвертті ашқанда, ішіндегі долларлардың жоқ екенін көрген.
Оның орнына конвертте Малавидің 2000 квача номиналындағы банкноттары жатқан. Оның құны шамамен 512 теңгені құрайды.
Жолаушы ақшаның нақты қай жерде жоғалғанын немесе қашан ауыстырылғанын білмейтінін айтты.
Оқиғаға қатысты Air Astana компаниясы жолаушыға құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берген. Әуе компаниясының мәліметінше, мұндай жағдайларды тексеру мен тергеу полицияның құзыретіне кіреді.


