Танымал қазақстандық блогер, ауқымды спорттық жобаның негізін қалаушы Айтым Жақыпов жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Оқиға туралы әлеуметтік желідегі Threads қолданушысы хабарлаған. Ол Астанадағы Қарқаралы тасжолында, LRT желісінің бойында түсірілген фото және бейнежазбаларды жариялаған. Кадрларда Mercedes-Benz жүргізушісінің бірден бірнеше жол ережесін бұзғаны көрсетілген.
Желі қолданушысы жүргізушінің өзге жол қозғалысына қатысушыларды құрметтемейтінін айтып, оның бірнеше құқықбұзушылыққа барғанын атап өтті. Атап айтқанда, жүргізуші:
- жол жиегімен жүрген;
- жол белгілерінің талабын сақтамаған;
- бұрылу кезінде бағыт көрсеткішін қоспаған;
- апаттық жағдай туғызған;
- қарсы бағыттағы жолаққа шыққан.
Кейін көлік тізгінінде Айтым Жақыповтың өзі болғаны анықталды. Блогер әлеуметтік желідегі жазбаға пікір қалдырып, кінәсін мойындады.
«Рас, қатты асығып бара жаттым. Егер біреуге қолайсыздық тудырсам, шын жүректен кешірім сұраймын», – деп жазды ол.
Алайда бұл оқиғаға Астана қаласының полициясы да назар аударды.
«Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзғаны түсірілген бейне анықталды. Жүргізушінің жеке басы анықталды», – деп мәлімдеді Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осылайша 34 жастағы жүргізуші жол белгілерінің талаптарын орындамағаны, қарсы келе жатқан көліктермен жол айырысу қағидаларын және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


