Сенбі, 5 сентября, 2026
spot_img
Басты бетЖаңалықтар«Алматы–Бішкек» жолы 8 жолаққа дейін кеңейтіледі

«Алматы–Бішкек» жолы 8 жолаққа дейін кеңейтіледі

«Алматы–Бішкек» автомобиль жолының 19–27 шақырым аралығындағы учаскесі кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өтеді. Ауқымды жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді, деп хабарлайды QazNews.kz

Жобаның жалпы құны 33,9 млрд теңге. Аталған учаске республикалық маңызы бар жолдар желісіндегі көлік қозғалысы ең қарқынды бағыттардың бірі саналады. Мұнда тәулігіне 70 мыңнан астам автокөлік жүреді. Қолданыстағы төрт жолақты жол мұндай көлік ағынын толық өткізуге қауқарсыз. Соның салдарынан Алматыға кіреберіс және шығаберіс бағыттарында тұрақты кептеліс қалыптасып, қозғалыс жылдамдығы төмендеп, жол-көлік оқиғаларының қаупі артып отыр. Осы мәселелерді шешу үшін реконструкция жобасы аясында жолдың жүру бөлігін 8 жолаққа дейін кеңейту жоспарланған. Бұл учаске үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ететін жалпы қалалық маңызы бар магистральдық көше санатына ауысады.

Көлік ағынын тиімді реттеу мақсатында «Таға» үлгісіндегі екі жолайрық салынады. Сонымен қатар жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 9 жерүсті жүргіншілер өткелі, жолдың екі қапталына тротуарлар салынады.

Жоба бойынша жол бойын толық жарықтандыру жүйесі де қарастырылған. Бұдан бөлек, газ құбырлары, су құбыры, электр желілері және талшықты-оптикалық байланыс желілері сияқты инженерлік коммуникациялар көшіріледі. Жолға жаңа төсем төселіп, қозғалыс жағдайы жақсартылады.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Алматыға кіріп-шығатын негізгі көлік дәлізінің өткізу қабілетін едәуір арттыру көзделіп отыр. Бұл жол жүру уақытын қысқартып, көлік жүктемесін азайтуға және жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жаңғыртылған жол Алматы мен қала маңындағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, транзиттік көліктер үшін де қолайлы жағдай қалыптастырады.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр