Астанада Аружан Бишімбаева мен Айтбек Амангелді арасындағы сот дауы қаралды, деп хабарлайды QazNews.kz
Аружан Бишімбаева – бұрынғы ұлттық экономика министрі, 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың қарындасы. Ал Айтбек Амангелді – Қуандық Бишімбаевпен азаматтық некеде болған марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы.
Екі тарап арасындағы дау Айтбек Амангелдінің «Ее звали Салтанат» кітабын шығарғанынан кейін басталған. 2025 жылдың қарашасында Аружан Бишімбаева Instagram парақшасында Айтбек Амангелдіге қатысты пікір жазған.
Жазбада ол кітаптың сатылымына қатысты ойын білдіріп, Айтбек пен оның туыстарына сын айтқан. Сондай-ақ Бишімбаевтың атын атап, бірнеше сұхбат беріп, осы арқылы танымалдық жинап жүр деген мазмұндағы пікір қалдырған.
Осыдан кейін Айтбек Амангелді аталған жазбалар өзінің ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп есептеп, сотқа жүгінген.
Сот тараптардың уәжін тыңдай келе, Аружан Бишімбаеваны әлеуметтік желіде жазған пікірін жоққа шығаруға міндеттеді. Сонымен қатар ол Айтбек Амангелдіге моральдық зиян үшін 100 теңге төлеуі тиіс.
Бұдан бөлек, сот Аружан Бишімбаеваға іс бойынша 1 127 000 теңге көлеміндегі шығынды өтеуді міндеттеді.


