Көкшетауда 52 жастағы әйелдің қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасы бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды QazNews.kz
Полиция мәліметінше, көлік тізгінінде болған әйелге қатысты абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Тергеу барысында күдіктінің жүргізуші куәлігі болмағаны және тиісті оқудан өтпегені анықталған. Белгілі болғандай, күдікті орта буында информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.
Жол апатынан қаза тапқан 52 жастағы әйел ҚАЖ департаментінде хатшы болып қызмет атқарған.
Сонымен қатар, автокөлік иесі — күдіктінің жұбайына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Ол көлікті басқару құқығы жоқ адамды рөлге отырғызды деген күдікке ілінді. Жұбайы Юрий Гагарин атындағы балабақшада музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
11 мамыр күні Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Істің тергелу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.


