2026 жылдың 30 сәуірінде Кеген ауылы аумағында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен халықаралық Парктер шеруі – 2026 табиғат қорғау науқаны аясында ауқымды ағаш отырғызу іс-шарасы өтті, деп жазады QazNews.kz
Аймақтық маңызы бар бұл бастама елді мекеннің негізгі кіреберіс бөлігінде ұйымдастырылып, Кеген ауылының болашақ «жасыл белдеуінің» негізін қалауға бағытталды.
Аталған экологиялық жоба өңірдің табиғи әлеуетін арттырумен қатар, ауылдың эстетикалық келбетін жаңғыртуға және қоршаған ортаның сапасын жақсартуға негізделген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта Кегеннің «жасыл қақпасына» айналып, өңірдің экологиялық және туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
«Парктер шеруі» акциясы – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың маңыздылығын насихаттауға бағытталған халықаралық қозғалыс. Қазақстанда бұл жоба 1996 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы науқан аясында Кеген өңірінде «Таза өлке», «Таза аймақ» және «Жасыл жапырақ» секілді бірқатар экологиялық іс-шаралар жүзеге асырылды.
Іс-шара облыс басшылығының тікелей қолдауымен ұйымдастырылып, оған облыстық және аудандық деңгейдегі өкілдер, қоғам қайраткерлері мен депутаттар қатысты. Сонымен қатар, акцияға жергілікті тұрғындар, белсенді жастар, еріктілер, парк қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен танымал блогерлер белсенді түрде атсалысты. Жалпы саны 1000-ға жуық адам жұмылдырылып, бір күн ішінде 5100 түп ағаш отырғызылды.
Ауылдың «жасыл қақпасын» қалыптастыру мақсатында мемлекет тарапынан кешенді дайындық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, ағаш отырғызылатын 7 гектар аумақ толық қоршалып, инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылды. Бөлінген жерге 2560 түп ағаш, оның ішінде 512 аққайың, 512 қарағай, 400 шырша, 624 терек және 512 қара ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, жасыл желектің сақталуын қамтамасыз ету үшін ұзындығы 2000 метр суғару жүйесі тартылды.
Іс-шара барысында жеке сектордың да белсенділігі ерекше атап өтілді. Өңірде өндірістік жоба жүзеге асырып жатқан MERGEN HOLDING жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әлеуметтік жауапкершілік аясында бұл бастамаға қолдау білдірді. Компания өз қаражаты есебінен 2 гектар жерді игеріп, оған 2000 түп калифорния терегін отырғызуды жүзеге асырды.
Айта кету керек, өткен жылғы «Парктер шеруі» акциясының қорытындысы бойынша Кеген өңіріндегі ұлттық парк Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан алғыс хатпен марапатталған болатын. Бұл – өңірде табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді.
Кеген ауылының кіреберісінде қалыптасып жатқан жаңа жасыл аймақ болашақта экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, аймақтың көркіне көрік қосатын маңызды нысанға айналмақ. Табиғатты қорғау мен тұрақты дамудың үйлесімді үлгісіне айналған бұл жоба – қоғам мен мемлекеттің ортақ іске жұмыла білуінің айқын дәлелі


