Дүйсенбі, 8 июня, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырып"Келесі жылы Нарынқолдың картобынан жасалаған чипсы жейміз": Өңірде ірі агрожоба басталды

«Келесі жылы Нарынқолдың картобынан жасалаған чипсы жейміз»: Өңірде ірі агрожоба басталды

 фото. Мұхтар Әукен

Райымбек ауданында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ірі жоба жүзеге асып жатыр. Бұрын кеңес кезеңінен бері суарылмай келген Қараой жазығындағы 500 гектар жер жаңбырлатып суару жүйесіне қосылып, айналымға енгізілді. Жоба аясында кооперативтер құрылып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс күшейіп келеді. Бұл жағдай тек сол өңірдің ғана әлеуетін көтеретін жетістік қана емес, еліміз үшін үлкен игі жоба болып отыр.

Qaz365.kz тілшілері  өңірдегі ауыл шаруашылығы жайлы, соның ішінде жаңбырлатып суару жүйесінің қандай нәтижеге жеткенін біліп қайтты, деп жазады Qaznews.kz сайты.

Аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғановтың айтуынша, өңірде құрылған «Алтын дән-1» өндірістік кооперативі облыстағы якорлық кооперация қағидаты бойынша жұмыс істейтін алғашқы бірлестік саналады. Оның құрамында шаруа қожалықтары бірігіп, жер мен техниканы ортақ пайдаланып отыр. Бұл шаруаларға мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға, қаржы институттарымен жұмыс істеуге және жеңілдетілген қолдау тетіктерін пайдалануға мүмкіндік береді.

«Былтыр кооператив 300 гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізсе, биыл бұл көрсеткіш 500 гектарға жетті. Жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен 780 миллион теңге болады. Бұрын бұл алқаптар суарылмайтын жер болған. Енді алғаш рет суармалы егістік ретінде пайдаланылып отыр», — деді Самат Сатылғанов.

Ауданда ғылым мен агроөндіріс байланысына да ерекше көңіл бөлінген. Соңғы үш жылдан бері кооператив Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Институт мамандары жаңа сұрыптарды сынақтан өткізіп қана қоймай, жергілікті шаруаларға агротехнологияларды меңгеруге көмектесіп жатыр.

Институт өкілі Сейіткәрім Қалтаевтың сөзінше, өткен жылы арпаның бірнеше жаңа сұрыбы егілген. Биыл олардың қатарына әзірге атауы берілмеген жаңа органикалық сұрыптар қосылды.

«5-6 маман болып алдында келдік. «Алтын дән» шаруа қожалығымен екінші жыл жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші жылы жұмыс істегенде 3 сорт ектік. Арпадан «Жан», «Голозерный» және «Сымбат» деген сорттар. Біз бірінші тұқымды тегін бердік. Кейін бірге жұмыс істеп, алған өнімнен 50%-ды енгізіп алдық. Бүгінгі күні осы егілген тұқымның жарымы біздің сұрыпта болып тұр. Оның үстіне биыл біз органикалық жаңа тұқымдарды өзімізде өндіріп жатырмыз. Органикалық тұқымды өндірудегі негізгі мақсатымыз — тұқымды еш уақытта дәрілемейді. Дәрілемей таза тұқым егіп, таза өніп алуды мақсат етеміз. Сол мақсатта біз органикалық зауыт құрғанбыз. Биыл сол зауытты ашып, тұқымды өңдеп, осы жерге 6 гектар ектік. Тұқымы әлі берілген жоқ. Ол нөмірлі жаңа сұрып. Бұл тұқымды күзде де, жазда да егуге болады. Қолайлы жер осы деп өзіміз бағаладық та, осы жерге ектік. Сол екі нөмірдің жағдайлары жақсы тұр. Тұқым шаруашылығын жүргіздік. Өйткені кішігірім шаруашылықтар тұқымды қайдан алатындарын білмейді. Өздері бір-бірінен сатып алады. Оның сапасы туралы көбісі білмейді. Сапасы өте төмен болуы мүмкін. Жоғары да болуы мүмкін. Ал мына жерден өздері көреді», — деді ол.

Маманның айтуынша, ғылыми мекемелер барлық өңірді сапалы тұқыммен толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан жергілікті тұқым шаруашылықтарын дамыту маңызды.

«Біздің мақсатымыз — жаңа сұрыптан тұқым шығару. Осындай жағдайда аудан-аудандарда шаруашылықтар ашылса, сол арқылы қамтамасыз етеміз. Институт толық қамтамасыз ете алмайды. Өйткені біздің жердің көлемі бар болғаны 2-ақ мың гектар. Биыл біз 2 мың гектардан 3 мың тұқым алдық. Соның 70 пайызын Жамбыл облысы әкетті. Алматы облысы 20 пайызын алды. Жетісу облысы 30 пайызын алды. Бізде тұқым қалған жоқ. Біздің негізгі мақсатымыз осы шаруашылықтармен бірге жұмыс істеу. Ғылыми істерді де қолға аламыз, тұқымды да жаңартып отырамыз. Сонда ғана біз нақты нәтиже аламыз деген ойдамыз», — деді институт өкілі.

Райымбек ауданындағы белгілі кәсіпкер, «Алтын Дән-1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы және ірі аграрлық инноватор Дулат Құлмамыров биыл жаңбырлатып суару жүйесі арқылы 250 гектар алқапқа картоп егілгенін айтты. Бұл өнімнің негізгі бөлігі халықаралық PepsiCo компаниясына жеткізіледі.

Оның айтуынша, кооператив 2022 жылы сегіз шаруа қожалығының бірігуімен құрылған. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының арқасында қажетті техника сатып алынып, бұрын игерілмеген жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу мүмкін болған.

«Қараой жазығы Кеңес Одағы кезеңінен бері суармалы жер ретінде пайдаланылмаған. Жаңбырлатып суару жүйесіне берілген 80 пайыздық субсидияның арқасында 500 гектар алқапты толық суармалы жерге айналдырдық», — деді Дулат Құлмамыров.

Былтыр Қазақстан нарығына кірген PepsiCo компаниясы картоп өңдеу зауытының құрылысын бастап, отандық шаруашылықтармен жұмысқа кіріскен. Сол кезде алғашқы нәтижелерін көрсеткен шаруалар биыл 250 гектар алқапқа келісімшарт жасап үлгерген.

Кооператив басшысы әр гектардан 27-30 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отыр. Өнім күзде жиналып, өңдеуден өткеннен кейін нарыққа 2027 жылы шығарылады.

«Қытырлақ кортоп өндірісімен арнайы келісіміміз бар. Олардың агрономдары апта сайын бізге келіп, жұмыстарды тексеріп отырады. Pepsico компаниясымен биыл толық 250 гектармен жұмыс істейміз. Қыркүйек айының аяғында өнімді жинауды бастаймыз. Бұл өнімді Pepsico 2027 жылдың басында сатылымға шығарады. Олардың 36 тауары бар. Қытырлақ кортоптары, шоколадтары бар. Осы жолғы Нарынқолдан шыққан кортоптан жасалған қытырлақты ел 2027 жылдан бастап алуы керек. Суғару бойынша QAZ AQUA компаниясы жобалау жұмыстарын жасаған кезде осы жерді бұған дейінгі жүргізілген ғылыми зерттеулерді негізге ала отырып, соның негізінде жұмысты бастағанбыз. Су қаншалықты тереңдікте жатыр, қанша су бар, қанша көлемге дейін жетеді деген мәселелерді қарастырған. Нәтижелерін сол институттан алып, соның аясында жұмысты бастағанбыз. Су қоры мол, толық жетеді», — деді ол.

Судың да сұрауы бар деген бабалар сөзінің мәні бар. Осындай суды үнемдеу технологияларын енгізу, кооперативтер құру және ғылыми мекемелермен бірлескен жұмыс алдағы жылдары Райымбек ауданын өңірдегі ірі аграрлық орталықтардың біріне айналдырып, ел әлеуетін көтере береді деген үміттеміз.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр