NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған жоқ. Бұл туралы Әділет министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Министрліктің хабарлауынша, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында NCOC компаниясынан қаражат өндіруге қатысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылды деген ақпарат жарияланған.
Ведомство түсіндіруінше, қазіргі уақытта NCOC мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне қатысты шағым түсірген. Осыған байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан.
Әділет министрлігі «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 42-бабы 13-тармақшасына сәйкес, сот атқарушылық іс жүргізу материалдарын талап еткен жағдайда оның қаралуы құжаттар соттан қайтарылғанға дейін уақытша тоқтатылатынын атап өтті.
Министрліктің мәліметінше, бұл рәсім заңда көзделген тәртіпке сай жүргізіліп жатыр. Сондықтан NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіру жұмыстары сот материалдарды қайтарғаннан кейін әрі қарай жалғасады.


