Темірден жасалған кішкентай ғана кілттің салмағы бірнеше грамм шығар. Бірақ ол кейде бір отбасының бірнеше жылдық күткен үмітін, ата-ананың маңдай терін, баланың арманын арқалап тұрады.
Бүгін Алматыда дәл осындай 946 кілт өз иесін тапты. «Кенесары» тұрғын үй кешенінде жүздеген отбасы жаңа өмірдің есігін ашты.

Осындай жаңалықтарды оқығанда бір нәрсеге ерекше мән беремін. Бұл жолы да мәселе қанша пәтердің тапсырылғанында емес. Маңыздысы – жұмыстың тоқтамай, жүйелі жалғасып келе жатқанында. Өткен айда 885 отбасы баспаналы болды. Енді тағы 946 отбасы. Алдағы кезеңдерде тағы жүздеген отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл жоспардың қағазда қалмай, біртіндеп жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Дархан Сатыбалды тұрғын үй мәселесін шешуді қаланың негізгі әлеуметтік міндеттерінің бірі ретінде айқындап келеді. Бүгінгі нәтиже сол бағыттағы нақты қадамдардың жалғасы болды. Әсіресе басымдықтың ең алдымен баспанаға шынымен мұқтаж жандарға берілуі көңілге сенім ұялатады. Жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін бұл – жай ғана жаңа мекенжай емес, жаңа өмірдің бастауы.
Баспана деген тек төрт қабырға емес. Ол – баланың алғаш мектепке баратын ауласы, кешкісін жарығы жанып тұратын терезе, демалыс күні бүкіл отбасы жиналатын дастарқан. Сондықтан «Кенесары» тұрғын үй кешенінің жанынан 1200 орындық заманауи мектептің салынуы да осы жұмыстың маңызды жалғасы. Қала енді тек үй салып жатқан жоқ, адамдарға өмір сүруге қолайлы орта қалыптастырып жатыр.
Жастар туралы да ұмытылмағаны қуантады. «Алматы жастары» бағдарламасына биыл 5 мыңнан астам өтінім беріліп, жыл соңына дейін 1650 жас жеңілдетілген тұрғын үй несиесіне ие болады. Бұл – еңбегімен үй алғысы келетін жастарға берілген орасан мүмкіндік.

Қаланы көркейту тек жаңа көшелермен немесе зәулім ғимараттармен өлшенбейді. Нағыз даму – адамдардың өміріндегі өзгеріспен өлшенеді. Бір отбасы жалдамалы пәтерден өз шаңырағына көшкен сайын, бір баланың болашағына деген сенім нығайған сайын Алматының да ажары арта түседі.
946 отбасының бүгінгі қуанышы – ертеңгі мыңдаған алматылықтың үміті. Осындай қуанышты күндеріміз көп болсын! Қоныстарыңыз құтты, шаңырақтарыңыз берекелі болсын!


