Денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулердің жеке бір топтамасы саланы цифрландыруға қатысты. Денсаулық сақтауды цифрландыруды құқықтық реттеуді жетілдіру, медициналық практикаға ақпараттық жүйелер мен электрондық сервистерді енгізу көзделген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілетін биомедициналық зерттеулер туралы деректерді қамтитын ақпараттық ресурс, сондай-ақ трансляциялық зерттеулер мен трансляциялық медицина ұғымдары айқындалады, деп жазады QazNews.kz.
Ұсынылып отырған басқа да өзгерістер қатарында дербес медициналық деректерді қорғау тетіктерін нығайту және трансплантациялау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ағзаларды, ағзалардың бір бөлігін немесе тіндерді трансплантациялау тәртібін нақтылау бар.
Сондай-ақ заң жобасымен жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған денсаулық сақтау ұйымдарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың туғаннан үш жасқа дейін, ал психикалық және физикалық даму бұзылыстары бар балалардың туғаннан төрт жасқа дейін болу мерзімдері айқындалады.


