Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы «Чалдыбар» өткізу бекеті уақытша жұмысын тоқтатады, деп жазады QazNews.kz.
Мекеме мәліметінше, 25 қараша сағат 01:00-ден бастап аталған бекет арқылы көліктің барлық түрінің қозғалысы тоқтатылады. Бұған Қазақстан аумағындағы «Сыпатай батыр» өткізу бекетінде жүргізілетін құрылыс жұмыстары себеп болған.
23 қарашадан бастап бұл бағытта жүк көліктерінің Қазақстаннан Қырғызстанға өтуіне шектеу қойылған. Ал 25 қарашадан бастап жеңіл көліктер мен автобустардың да қозғалысы тоқтайды. Осылайша, бекет арқылы көліктің барлық түрін өткізу уақытша шектеледі.
Дегенмен жаяу жүргіншілер шекарадан бұрынғыдай өте алады.
Алдын ала жоспар бойынша, көлік қозғалысы 2027 жылдың соңына қарай қайта ашылуы мүмкін.
Осы кезеңде жүргізушілерге «Ақ-Жол», «Ақ-Тілек», «Кең-Бұлын» және «Тоқмақ» өткізу бекеттері арқылы өтуді ұсынды.


