Жамбыл облысында 25 жастағы спортшы Ахмет Дүкенбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
«Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта қылмыстық істің мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға 1 тамызға қараған түні Т. Рысқұлов ауданындағы Луговая станциясында болған.
Марқұмның отбасы бұл қылмыстың артында ұйымдасқан қылмыстық топ тұруы мүмкін деп есептейді. Осыған байланысты олар өздеріне мемлекеттік қорғау беруді талап етіп отыр.


