Алматыда Құлжа және Талғар тасжолдарының тас жолының бойында 45 мың көрерменге арналған заманауи стадион бой көтереді, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Жоба жүзеге асатын аумақтың көлемі шамамен 32 гектар. Қазір нысан аумағында құрылыс жұмыстары басталды.
Айта кетелік, стадион УЕФА-ның төртінші санатына сай келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді.
Жобада жаттығу базалары, жанкүйерлерге арналған демалыс аймақтары, заманауи қауіпсіздік жүйесі және іргелес аумақты абаттандыру қарастырылған.
Бұл жер қаланың маңызды көлік-логистикалық торабына айналып, аренаны қалалық инфрақұрылымға тиімді кіріктіруге мүмкіндік береді. Мұндай шешім көрермендер мен қонақтарға ыңғайлы болуы үшін ірі спорт нысандарын көлік хабтарының маңына орналастыру жөніндегі әлемдік тәжірибеге сай келеді.
Сондай-ақ, жоба аясында көрермендердің стадионға ыңғайлы жетуін қамтамасыз ету үшін көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылады.


