Бейсенбі, 29 қаңтар, 2026
spot_img
Басты бетЭкономика және бизнес2026 жылы бензин бағасы өсе ме: сарапшы нарықтағы ахуалды түсіндірді

2026 жылы бензин бағасы өсе ме: сарапшы нарықтағы ахуалды түсіндірді

Қазіргі таңда жанар-жағармай нарығында баға тұрақты болып көрінеді. Алайда алдағы қымбатшылық жөніндегі болжамдар қазақстандық жүргізушілерді алаңдатып отыр. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Жания Сандыбай жағдайды талдап, ЖЖМ бағасының қазір қалай жасанды түрде ұсталып отырғанын және оның күрт өсуі мүмкін деген сценарийлер қаншалықты шындыққа жанасатынын түсіндірді,  деп жазады QazNews.kz

«2025 жылдың қазан айынан бастап АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын көтеруге уақытша мораторий енгізілді. Бұл шектеу 2026 жылдың көктеміне дейін жалғасады. Айта кетейін, АИ-92 бензинінің орташа бағасы өткен жылмен салыстырғанда өзгермей, шамамен 239 теңге деңгейінде қалды. Ал дизель отыны – 335 теңге.

Ал премиум санаттағы бензин түрлерінің бағасы өсіп отыр: 2026 жылғы 19 қаңтарда АИ-95 298 теңгеден 315 теңгеге, ал АИ-98 325 теңгеден 365 теңгеге дейін қымбаттады. Осылайша, АИ-95 бойынша алынатын маржа АИ-92-дегі шығынды өтеп отыр», — дейді сарапшы.

Сонымен қатар, ол мораторийдің нарықтық тетік емес екенін атап өтті.

«Мораторий — инфляцияға қарсы шара, бірақ нарықтық механизм емес. Шектеулер алынғаннан кейін нарық бағаны “қуып жетуге” мәжбүр болады. Сондықтан баға біртіндеп емес, күрт өсуі мүмкін деген қауіп бар», — дейді Жания Сандыбай.

Сарапшының айтуынша, төмен әрі қатаң бекітілген бағалар қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға мүмкіндік бермей отыр әрі бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін де күмәнді етеді.

Тіпті еліміздегі үш ірі мұнай өңдеу зауыты — Павлодар (ПНХЗ), Шымкент (ПКОП) және Атырау (АНПЗ) толық қуатта жұмыс істегеннің өзінде, Қазақстан егіс және орақ науқаны секілді шарықтау кезеңдерінде бензин мен дизель тапшылығына қайта-қайта тап болады.

«Жеке, яғни мемлекеттік емес капитал тартылмаса және өңдеу тарифтері әділ қалыптаспаса, ел “өз мұнайы бола тұра жанармай жетіспейтін” тұйық шеңберде қала береді. Баға өспейінше өңдеу тереңдігін арттыру, отын сапасын еуропалық стандарттарға жеткізу және жекелеген компоненттер бойынша импортқа тәуелділікті азайту мүмкін емес», — дейді ол.

Бұдан бөлек, 2027 жылы Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ энергетикалық нарық құру жоспарланып отыр.

«Бұл Қазақстанды Ресеймен және өзге көрші елдермен жанармай бағасын теңестіруге мәжбүр етеді. Сондықтан мемлекеттің қазіргі басты міндеті — бағаны қалай болғанда да ұстап тұру емес, өткен жылдардағы жанармай дағдарысын қайталамай, нарықтық модельге өтуді дұрыс басқару», — деп түсіндірді сарапшы.

Осыған байланысты Жания Сандыбай 2026 жылы жанар-жағармай бағасының өсуі сөзсіз деп есептейді.

«Менің болжамым бойынша, ұзақ уақытқа созылған “тоқтатуды” ескерсек, АИ бензинінің бағасы литріне 270–330 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. АИ-95 — 340–400 теңге, АИ-98 — 380–450 теңге аралығында болуы ықтимал», — деді ол.

Сарапшы кәсіпкерлерге қаржылық жоспарлау кезінде бұл тәуекелді міндетті түрде ескеруге кеңес береді.

«Бизнес финмодельдерінде ЖЖМ бағасының өсімін ресми инфляциядан 15–20 пайызға жоғары деңгейде қарастырған жөн. Яғни инфляция шамамен 10% болса, болжамды өсім 25–30% деңгейінде есептелуі керек», — деп түйіндеді қаржыгер.

Ұқсас жазбалар
- Жарнама -
Google search engine

Оқылып жатыр