Қазақстанда жеке кәсіпкерлердің банк шоттарына шектеу қойылып жатыр. Бұған салық органдарының ықтимал заңбұзушылықтар туралы хабарламаларына уақытында жауап бермеу себеп болған. Кейбір кәсіпкерлер салық органының талабын шоттары бұғатталғаннан кейін ғана білгенін айтады, деп хабарлайды qaznews.kz.
Кәсіпкерлердің шағымдары Threads әлеуметтік желісінде жарияланды. Олардың сөзінше, ескертулер 2025 жылдың екінші жартыжылдығындағы кірістерді жасыруы мүмкін деген күдікке байланысты келген. Алайда кәсіпкерлер есептілікті уақытында тапсырғанын, ал кейбірі камералдық бақылау хабарламасын алғанын мүлде білмегенін айтып отыр.
Мәселе мынада: салық төлеушіге хабарламаға жауап беру үшін 30 жұмыс күні беріледі. Егер осы мерзімде жауап берілмесе, салық органдары банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруы мүмкін.
Осыған байланысты кәсіпкерлер Мемлекеттік кірістер комитетінен хабарламаларды тек Салық төлеушінің кабинетінде ғана емес, SMS және eGov Mobile арқылы да жіберуді сұрап отыр.
Дегенмен банк шотының бұғатталуы кәсіпкердің міндетті түрде қосымша салық төлеуі керек дегенді білдірмейді. Бухгалтер Аяна Абдрахманованың айтуынша, бір күнде өзі қараған алты жағдайдың екеуінде есептілікті түзетудің немесе қосымша салық төлеудің қажеті болмаған. Кәсіпкерлерге тек тиісті түсініктеме беру жеткілікті болған.
Егер жеке кәсіпкер салық органдары анықтаған сәйкессіздіктермен келіссе, есептілігін түзетуі керек. Ал келіспеген жағдайда түсініктеме мен оны растайтын құжаттарды ұсынуға құқылы.
Айта кетейік, камералдық бақылау нәтижесінде жолданған хабарламаның өзі банк шотын автоматты түрде бұғаттауға негіз болмайды. Ол үшін кәсіпкер белгіленген мерзімде тиісті жауап бермеуі керек.


