Үкімет Алматыдан салық мөлшерлемесі төмен өңірлерге кәсіпкерлердің жаппай көшу қаупін көріп отырған жоқ. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Бұған дейін депутаттар оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі бойынша бірыңғай 2-3 пайыздық мөлшерлеме енгізуді ұсынған болатын. Алайда Үкімет бұл бастаманы қолдамады.
Серік Жұманғариннің айтуынша, өңірлердегі салық мөлшерлемелерінің әртүрлі болуы кәсіпкерлердің бір аймақтан екіншісіне жаппай көшуіне себеп болмайды.
«Қазіргі кезеңде салық мөлшерлемелеріндегі айырмашылыққа байланысты бизнестің өңірлер арасында жаппай көшу қаупі жоқ», – делінген вице-премьердің жауабында.
Оның сөзінше, мұндай тәжірибе бұған дейін де болған. Мәселен, 2024 жылы бөлшек салық мөлшерлемесі Алматыда 4 пайыз, Астанада 3 пайыз, ал Қарағанды облысында 2 пайыз болған. Соған қарамастан, Алматыдан салық мөлшерлемесі төмен өңірлерге кәсіпкерлердің жаппай көшкені тіркелмеген.
2026 жылдың басынан бастап оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимінде де өңірлік саралау қағидаты сақталған. Үкіметтің мәліметінше, әзірге бизнесті жаппай қайта тіркеу белгілері байқалмайды.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында салық төлеушілер мәлімдеген кіріс көлемі Астанада 23,2 пайызға, Қарағанды облысында 23 пайызға, Алматыда 18,3 пайызға өскен.
Үкімет өкілдері бұл көрсеткіштер кәсіпкерлердің салық мөлшерлемесі төмен өңірлерге жаппай көшіп жатқаны туралы қауіптерді растамайды деп есептейді.
Дегенмен бизнестің өңірлер арасындағы қозғалысына қатысты түпкілікті баға 2026 жылдың толық жылдық салық есептілігі зерттелгеннен кейін берілмек.


