Сенбі, 31 октября, 2026
spot_img
Басты бетБілім және ҒылымАтырауда “Director’s cup” дебат турнирінің жеңімпаздары марапатталды

Атырауда “Director’s cup” дебат турнирінің жеңімпаздары марапатталды

2026 жылғы 28–30 қазан күндері Атырау қаласында мектеп басшылары арасында VI республикалық «Director’s CUP» дебат турнирі өтті. Дәстүрлі түрде алтыншы рет ұйымдастырылған зияткерлік додаға еліміздің 7 облысынан келген мектеп директорлары қатысып, өзара бақ сынады, деп хабарлайды QazNews.kz

Үш күнге созылған турнир барысында қатысушылар пікір алмасып, басқарушылық тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді дебат алаңында талқылады.

Республикалық деңгейде ұйымдастырылған турнирдің басты мақсаты – мектеп басшыларының сыни ойлау, шешендік өнер, дәлелді пікір айту және басқарушылық шешім қабылдау дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ білім беру саласындағы озық тәжірибелерді насихаттау.

Іс-шара Каспий BINOM school мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында қатысушылар Атырау облысының педагогикалық-инновациялық іс-тәжірибе көрмесімен танысып, өңірдегі білім беру ұйымдары басшыларының тәжірибе алаңына қатысты.

Дебат турнирі АПФ және Линкольн–Дуглас (LD) форматтары бойынша бірнеше кезеңде өтті. Қатысушылар өз ұстанымдарын дәйекті дәлелдермен қорғап, қарсы тараптың пікіріне салмақты уәж келтіріп, кәсіби біліктіліктері мен шешендік шеберліктерін танытты.

Турнирдің мәдени бағдарламасы аясында қатысушылар Атырау жастар театрының «Мұғалім» әлеуметтік драмасын тамашалап, қаланың көрікті орындарымен танысты. Сонымен қатар еркін пікір алмасу мен кәсіби тәжірибе бөлісуге арналған кездесулер ұйымдастырылды.

30 қазанда өткен финалдық ойындар қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Турнирдің қорытынды нәтижелері:

І орын – Алматы облысының «Угвей» фракциясы;

ІІ орын – Атырау облысының «Ойла» фракциясы;

ІІІ орын – Қызылорда облысының «Орда» және Маңғыстау облысының «Ұлағат» фракциялары.

Жеке номинациялар бойынша:

«Үздік спикер» – Алматы облысының «Угвей» фракциясының мүшесі Қызырхан Шыңғар Қызырханұлы;
LD форматының финалисі – Атырау облысының «Ойла» фракциясының мүшесі Нұртанов Қайсар Бердіғалиұлы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттарды Атырау облысы Білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиева табыстады.

VI республикалық «Director’s CUP» дебат турнирі мектеп басшыларының кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа идеялар мен тиімді басқарушылық тәжірибелерді қалыптастыруға жол ашты.

Үш күнге созылған тағылымды шара мазмұнды пікірталас, кәсіби серіктестік пен зияткерлік бәсекенің жарқын үлгісіне айналды.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр