TikTok-та тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданған Талдықорған тұрғыны жауапқа тартылды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Жетісу облысы полиция департаменті “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Әлеуметтік желілерге кезекті мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері TikTok платформасындағы тікелей эфирде бейәдеп сөздер қолдану дерегін анықтады. Құқық бұзушы Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тексеру барысында әйелдің бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылықтар үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, ол қоғамдық тәртіпті қайта бұзған.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері қажетті материалдарды жинақтап, сотқа жолдады. Істі қарау нәтижесінде әйел кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот оның кәмелетке толмаған жас балаларының бар екенін ескере отырып, әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындады.
Полиция әлеуметтік желілер заң талаптарынан тыс кеңістік емес екенін ескертеді. Көпшілікке арналған тікелей эфирлер барысында жалпыға ортақ әдеп нормаларын сақтау қажет. Бейәдеп сөздер қолдану заң аясында жауапкершілікке әкеп соғады.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу, интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.


