Қазақстанда шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру кезінде құжаттарды тексеру талаптары күшейтіледі. Жаңа ережеге сәйкес, құжаттарда қате немесе кемшілік анықталса, өтініш берушіге оны түзету үшін екі сағат уақыт беріледі, деп жазады QazNews.kz.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 2026 жылғы 23 қарашада тиісті бұйрыққа қол қойған. Құжатқа сәйкес, «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері шетелдіктің Қазақстан шекарасын кесіп өткен-өтпегенін «Бүркіт» ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Сондай-ақ оның ел аумағында заңды түрде жүргені иммигранттардың эталондық деректер базасы арқылы анықталады.
ЖСН алу үшін шетел азаматтары өтініш, шетелдік паспорт және оның нотариалды куәландырылған аудармасын ұсынуы керек.
Жеке деректерді енгізу кезінде адамның аты-жөні паспорттың машина оқитын аймағындағы мәліметтер бойынша жазылады. Ал қалған ақпарат құжаттың көзбен оқылатын бөлігінен алынады.
Егер тапсырылған құжаттардан қате табылса немесе құжаттар топтамасы толық болмаса, өтініш иесіне кемшіліктерді түзетуге екі сағат беріледі. Бұл уақыт мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне қосылмайды.
Өтініш беруші белгіленген уақытта барлық қатені түзетсе, құжат тапсырған бастапқы күні сақталады. Ал кемшіліктер уақытында жойылмаса, өтініш қабылданбайды.
Жаңа талаптар 2026 жылғы 6 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.


