Алматының Бостандық ауданында болған өрт бес адамның өмірін қиды. Қаза тапқандардың арасында кәмелетке толмаған бала бар, деп жазады QazNews.kz.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабар 26 қарашада түнгі сағат 03:44-те түскен. Құтқарушылар шақырту түскеннен кейін төрт минут ішінде оқиға орнына жеткен. Алайда сол уақытта үйді жалын толық шарпыған.
Тілсіз жау сағат 04:42-де толығымен сөндірілді. Өртті ауыздықтауға 35-ке жуық құтқарушы мен тоғыз арнайы техника жұмылдырылған.
Оқиға салдарынан бес адам қаза тапты. Қазіргі уақытта полиция қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Өрттің шығу себебі де анықталуда.


