Бейсенбі, 26 ноября, 2026
spot_img
Басты бетӘлемОңтүстік Кореяның бұрынғы президенті жалған куәлік ісі бойынша кінәсіз деп танылды

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті жалған куәлік ісі бойынша кінәсіз деп танылды

Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты бұрынғы президент Юн Сок Ёльге қатысты жалған куәлік беру ісін аяқтап, оны толық ақтады. Бұған оның бұрынғы премьер-министр Хан Док Су ісі бойынша сотта берген жауабы негіз болған. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады, деп жазады QazNews.kz.

26 қарашада Жоғарғы сот төменгі сатыдағы соттың ақтау үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот алқасы бұрынғы мемлекет басшысының кінәсін растайтын жеткілікті дәлел жоқ деген қорытындыға келген.

Даулы мәселе 2024 жылғы желтоқсанда елде әскери жағдай жарияланар алдында Министрлер кабинетінің отырысын ұйымдастыруға қатысты өрбіген.

Тергеушілердің пайымдауынша, Юн Сок Ёль бастапқыда үкімет мүшелерінің тек алтауын ғана шақырған. Кейін бұрынғы премьер-министр Хан Док Судың кеңесінен соң қалған министрлерді де жинап, отырыс өткізуге қажетті кворумды қамтамасыз етуге әрекет жасаған.

Алайда Юн Сок Ёль сотта үкімет отырысын шақыру туралы шешімді Хан Док Су ұсыныс айтқанға дейін қабылдағанын мәлімдеген. Арнайы прокурорлар оның бұл жауабын шындыққа жанаспайды деп есептеп, жалған куәлік берді деген айып таққан.

Соған қарамастан, сот айыптаушы тарап ұсынған материалдар бұрынғы президенттің кінәсін дәлелдеуге жеткіліксіз деп тапты. Жоғарғы соттың ұстанымы бойынша, айыптауға қатысты күмәннің болуы кінәлі деп тануға негіз болмайды. Ол үшін нақты дәлелдер қажет.

Айта кетейік, бұл – әскери жағдай жариялау әрекетінен кейін Юн Сок Ёльге қатысты қаралған істердің бірі бойынша шығарылған түпкілікті ақтау шешімі.

Бұған дейін, шілде айында, Жоғарғы сот бұрынғы президентке тергеушілердің оны ұстауына кедергі келтіргені үшін тағайындалған жеті жылдық бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырған.

Ал ақпанда Юн Сок Ёль әскери жағдай енгізу арқылы бүлік ұйымдастырды деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Қазіргі уақытта осы үкімге қатысты апелляциялық процесс жалғасып жатыр.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр