Қазақстан Халық Кеңесінің 17 мүшесі Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына жалпы 815 млн теңге материалдық көмек көрсетуге ниетті, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Қаражат тікелей қаза тапқандардың отбасыларына беріледі.
Бастамаға еліміздің әр өңірінен бизнес өкілдері қосылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек — Аза тұту күні деп жарияланды.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 24 қыркүйекте Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен.
Алдын ала дерек бойынша, теңізге барлығы 19 әскери қызметші кеткен. Қазіргі уақытта олардың 12-сі қаза тапқаны белгілі болды.


