Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров қандай жағдайда референдум өтті деп есептелетінін түсіндірді. Бұл туралы QazNews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық референдум комиссиясының отырысында өкіл 6 қазанда өтетін референдумға қатысты бірнеше сұраққа жауап берді. Сөзінше, кемінде азаматтардың жартысы дауыс беру керек.
«Дауыс беру тізіміне енгізілген азаматтардың жартысынан астамы, яғни дауыс беру құқығына ие 12 миллион 244 мың 683 азамат қатысса, референдум өтті деп есептеледі», – деді Константин Петров.
Сондай-ақ ол бір кабинаға екі адам кіре алмайтынын түсіндірді.
«Сайлаушының өзі дауыс бере алмайтын жағдайлар болуы мүмкін, ол кезде жергілікті органның лауазымды тұлғасына, бақылаушыға жүгінеді. Тек осы жағдайда екі адам кіруі мүмкін”, – деді ОСК өкілі.
Ал тіркелген мекенжайы бойынша аймақта емес қазақстандықтар сол жүрген жері бойынша сайлау учаскелеріне уақытша тіркеледі. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну керек.
“Бұл күні ел бойынша барлығы 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 196-сы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерін қамтиды. Олар тіркеу орны бойынша жүрмеген азаматтарды уақытша орналасқан жеріне тіркейді”, – деп мәлімдеді ХҚКО баспасөз қызметі.
Уақытша тіркеу 6 қазан күні 7.00-ден 20.00-ге дейін жарамды болады. Келесі күні ол автоматты түрде жойылады.
Тұрғылықты жері бойынша тіркелген қазақстандықтар референдум күні халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркеле алмайды. Өйткені олар тұрғылықты жері бойынша дауыс беруі керек.