Қазақстандықтардың жеке мәліметтері сақталған ірі деректер базасы даркнетте сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Өзін shymzz13 деп таныстырған қолданушының мәлімдеуінше, оның қолындағы архивте шамамен 15 миллион азаматтың деректері бар. Бұл Қазақстан халқының едәуір бөлігін қамтиды. Хакер аталған мәліметтерді eGov мемлекеттік сервисін бұзу нәтижесінде алғанын алға тартқан.
Сатушы деректер қорын 0,5 биткоинге бағалап отыр. Бұл шамамен 32 мың долларды құрайды. Оның айтуынша, көлемі 2,7 гигабайт болатын файлда 47 миллионнан астам жазба сақталған.
Желіде жарияланған мәліметтерге қарағанда, архив құрамында азаматтардың жеке куәлік нөмірлері, байланыс телефондары, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орны туралы деректер, түрлі құжаттардың көшірмелері мен құпиясөздер болуы мүмкін.
Соңғы айларда eGov сервисінің жұмысына қатысты бірнеше дау туындаған еді. Мәселен, тамыз айының басында кейбір пайдаланушылар жүйеге кірген кезде басқа адамдардың жеке кабинеттеріндегі ақпаратты көре алғандарын хабарлаған. Бұған қоса, көктемде қазақстандық қаржы маманы eGov арқылы компания тіркегеннен кейін көп ұзамай жарнамалық қоңыраулар түсе бастағанын мәлімдеген болатын.
Киберқауіпсіздік саласының сарапшылары мұндай мәліметтер базасы қылмыскерлердің қолына түссе, алаяқтық әрекеттердің көбеюіне әкелуі мүмкін екенін айтады. Әсіресе жеке деректер телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтық схемаларда кеңінен қолданылуы ықтимал.
Дегенмен әзірге жарияланған базаның шынайылығы, сондай-ақ оның расында eGov жүйесінен алынғаны ресми түрде расталмаған. Сондықтан бұл ақпаратқа сақтықпен қараған жөн.


