Жұма, 13 ноября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпТоқаев мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты азайтуды тапсырды

Тоқаев мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты азайтуды тапсырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын күрт азайту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Олар тиісті ұсыныстарды биылғы 24 қарашаға дейін Мемлекет басшысына ұсынуға тиіс, деп жазады QazNews.kz.

Президенттің айтуынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының жұмысы тоқтаған жоқ. Олардың қызметі қалыпты режимде жалғасып жатыр.

«Болған елеулі оқиға қор мен мемлекеттік компаниялардың жұмысына кедергі келтірмеуге тиіс. Керісінше, сыбайлас жемқорлықпен күрес инвесторлар мен кредиторлардың осы институтқа деген сенімін арттыруы керек. Сондай-ақ оның жұмысы тиімдірек, ашық әрі нәтижелі бола түседі деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Бас прокуратураның заңсыз иемденілген 1,3 триллион теңгеден астам активті мемлекетке қайтарғанын да еске салды. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысын қаржыландыруға бағытталған.

Президент мемлекеттік компанияларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері әлі де өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті.

«Осы атышулы оқиға мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері әлі де осал тұсымыз екенін көрсетті. Осыған байланысты Үкімет пен бақылаушы органдар биылғы 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын күрт азайту, квазимемлекеттік сектор компаниялары мен олардың аппараттарындағы қызметкерлердің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуі керек», – деді Мемлекет басшысы.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр