Құрылтай депутаты Нұргүл Тау Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді. Сұхбат барысында ол Жолдауда көтерілген негізгі мәселелерге тоқталып, ұсынылған бастамалардың маңызы туралы айтты. Депутат ел дамуының басым бағыттары мен алдағы міндеттерге қатысты өз көзқарасын бөлісті.
— Президент әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін алдымен пилоттық режимде сынап, тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана енгізуді тапсырды. Бұл өзгерістер шын мұқтаж азаматтарды қолдаудан қағылу қаупінен қаншалықты қорғайды және Құрылтай оның орындалуын қалай қадағалайды?
— Ең алдымен, әлеуметтік саясаттағы кез келген өзгеріс халықтың жағдайын жақсартуға бағытталуы тиіс. Реформаның басты мақсаты – мемлекеттік көмектің шын мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз ету. Бірақ осы мақсатқа жетеміз деп, көмекке зәру адамдарды қолдаудан айырып алмауымыз керек.
Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 41 мыңнан астам отбасындағы 222 мыңнан астам азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Олардың 68,4 пайызы – балалар. Демек, әлеуметтік көмектің шарттарын өзгерткенде оның мыңдаған отбасыға, әсіресе балаларға қалай әсер ететінін ескеру өте маңызды.
Бұл мәселе Мемлекет басшысының да ерекше назарында. Президент қоғамдағы қызу талқылаулар мен азаматтардың алаңдаушылығына арнайы тоқталып, Жолдауда кез келген реформаны асықпай, жан-жақты саралап, халықтың жағдайын ескере отырып жүргізуді тапсырды.
Әсіресе, әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен ақпараттық жүйелерді алдымен пилоттық режимде сынап, тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті.
Бұл – өте маңызды ұстаным. Өйткені жаңа жүйеде кемшіліктер болса, оларды алдын-ала анықтап, азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмей түзетуге мүмкіндік береді.
Құрылтай депутаттары ретінде біз де азаматтардан келіп түскен өтініштерді, өңірлердегі жағдайды және мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелерін назарда ұстаймыз. Қажет болған жағдайда Үкіметтен тиісті ақпарат сұратып, жауапты министрліктермен талқылаулар жүргіземіз.
Ең бастысы, әлеуметтік көмек жүйесіндегі өзгерістер азаматтардың тұрмысын қиындатпай, олардың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуі керек.

— Жолдауда сегіз перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланғаны айтылды. Алайда өңірлерде ғимараттан бөлек, білікті дәрігерлердің тапшылығы да бар. Жаңа медициналық нысандарды мамандармен қамтамасыз ету үшін қандай нақты шаралар қажет деп санайсыз?
— Президенттің жаңа медициналық нысандар салу туралы тапсырмасы – халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды бастама. Бірақ біз бір мәселені түсінуіміз керек: заманауи аурухана салу жеткіліксіз, онда жұмыс істейтін білікті мамандар да болуы қажет.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2026 жылдың басында елімізде денсаулық сақтау саласында 276 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек еткен. Оның 86,5 мыңға жуығы – дәрігер, 189,5 мыңы – орта буын медицина қызметкері. Соған қарамастан, өңірлерде кадр тапшылығы әлі де өзекті.
Мамандарды өңірлерге тарту үшін мемлекет тарапынан қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, 2025 жылы әлеуметтік қолдаудың әртүрлі түрлерімен 1760 дәрігер қамтылған. Бұл – маңызды қолдау. Дегенмен мәселені толық шешу үшін кешенді шаралар қажет.
Біріншіден, жаңа ауруханалар салынатын өңірлердің кадрлық қажеттілігін алдын-ала анықтап, медициналық жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік гранттар мен резидентура орындарын сол сұранысқа қарай жоспарлауымыз керек. Әсіресе, неонатолог, акушер-гинеколог, балалар хирургі, анестезиолог-реаниматолог сияқты мамандарды даярлауға басымдық берген жөн.
Екіншіден, жас дәрігерлердің өңірлерге баруына және тұрақтап қалуына жағдай жасау қажет. Ол үшін лайықты жалақы, баспана, кәсіби біліктілікті арттыру және мансаптық өсу мүмкіндіктері қарастырылуы тиіс.
Үшіншіден, медициналық қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту маңызды. Президент Жолдауда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласы мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Бұл 77 мыңнан астам маманды қамтымақ.
Меніңше, жаңа аурухананың құрылысы мен оны кадрлармен қамтамасыз ету бір жоспар аясында жүзеге асырылуы керек.
Өйткені медицинаның сапасын ғимараттарды жаңартумен ғана емес, науқасқа көрсетілген көмектің нәтижесімен бағалауымыз қажет.
— Мемлекет басшысы елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар екенін атап өтті. Осы балаларға қажетті инфрақұрылым мен мамандардың тапшылығын жою үшін заңнамалық және қаржылық тұрғыда қандай өзгерістер керек?
— Бұл – еліміздегі ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Президент Жолдауда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар екенін атап өтіп, инфрақұрылымды дамытуды, маман тапшылығын азайтуды және балалардың ерекшеліктерін ерте анықтау жүйесін жетілдіруді тапсырды.
Оқу-ағарту министрлігінің 2026 жылғы сәуірдегі дерегіне сәйкес, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 213,7 мыңы, яғни 90%-ы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Алайда шешілмеген мәселелер де бар. Мәселен, елімізде 11 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істегенімен, қосымша 3 408 арнайы педагогке қажеттілік сақталып отыр.
Менің ойымша, инклюзивті білім беру дегеніміз – мектепке пандус орнатумен ғана шектелмейді. Ең бастысы, әрбір баланың өз мүмкіндігіне сай сапалы білім алуына жағдай жасау.
Бірінші кезекте, білім беру ұйымдарындағы инклюзивті ортаның нақты стандарттарын күшейту қажет. Мектептерде қажеттілігіне қарай арнайы педагогтер, логопедтер, психологтер және педагог-ассистенттер жеткілікті болуы тиіс.
Екіншіден, аталған мамандарды даярлауға бөлінетін мемлекеттік гранттарды өңірлердегі нақты қажеттілікке қарай жоспарлап, жас мамандарды жұмысқа орналастыру және тұрақтандыру тетіктерін жетілдіру керек.
Үшіншіден, қаржыландыру жүйесін жетілдіру маңызды. Қаражат тек бала санына қарай емес, оның жеке білім алу қажеттіліктері мен көрсетілетін қолдау көлемін ескере отырып бөлінуі қажет. Бұл үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мүмкіндігін де қарастыру керек.
Сонымен қатар, баланың даму ерекшеліктерін ерте анықтау, оңалту және білім беру ұйымдарының өзара байланысын күшейту маңызды.
Біздің басты мақсатымыз – баланың қай өңірде, қай ауылда тұратынына қарамастан, сапалы білім алып, қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік жасау.
— Президент мұғалімдерді артық есеп пен цифрлық платформаларға мәлімет енгізу жүктемесінен босатуды тапсырды. Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенімен, толық шешілген жоқ. Енді тапсырманың қағаз жүзінде қалмауы үшін қандай бақылау тетігі енгізілуі керек?
Бұл мәселе маған өте жақын. Өзім де білім беру саласында ұзақ жыл жұмыс істегендіктен, мұғалімнің уақытын артық есептер мен қағазбастылық қаншалықты алатынын жақсы түсінемін.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, бүгінде елімізде 420 мыңға жуық мектеп педагогі еңбек етеді. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда 8 048 жалпы білім беретін мектеп бар. Сондықтан мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған әрбір шешім жүздеген мың маманға тікелей әсер етеді.
Президент Жолдауда көтерген мәселелердің бірі ол ұстаздар еңбегіне қатысты болды. Бұрын мұғалімдер қағаз толтыруға уақыт жұмсаса, қазір сол мәліметтерді бірнеше цифрлық платформаға қайта-қайта енгізуге мәжбүр болатын жағдайлар бар.
Негізі, цифрландыру мұғалімнің жұмысын жеңілдетуі керек еді.
Біріншіден, Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарында қолданылатын барлық цифрлық платформалар мен есептілік түрлеріне талдау жүргізіп, қайталанатын және қажетсіз талаптарды алып тастауы қажет деп санаймын.
Екіншіден, «бір ақпарат – бір рет енгізіледі» қағидатын іске асыру маңызды. Мұғалім бір жүйеге енгізген мәлімет басқа ақпараттық жүйелерге автоматты түрде берілуі тиіс. Бұл дегеніміз білім саласындағы платформалар бір-бірімен интеграцияланған болуы керек.
Үшіншіден, Президент тапсырмасының орындалуын тек министрліктің есебімен шектемеу қажет. Мұғалімдердің өзінен тұрақты түрде кері байланыс алып, олардың есептілікке жұмсайтын уақытының нақты қаншалықты қысқарғанын бағалау керек.
Бізде «Педагог мәртебесі туралы» заң бар. Онда мұғалімнен заңнамада көзделмеген есептілікті талап етуге тыйым салынған. Ендігі міндет – осы талаптың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету.
Құрылтай тарапынан да бұл мәселені көтеріп, жауапты мемлекеттік органдардан нақты нәтижелерді талап ету маңызды.
Президентіміз мұғалімнің басты міндеті – есеп беру емес, балаға білім мен тәрбие беру деп айқындады. Сондықтан оның уақыты мен кәсіби еңбегін қорғау – білім сапасын арттырудың негізгі шарттарының бірі.


