Жұма, 30 октября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпАлматыдағы РФММ асханасында санитариялық талаптар бұзылған: тағамнан ішек таяқшасы табылды

Алматыдағы РФММ асханасында санитариялық талаптар бұзылған: тағамнан ішек таяқшасы табылды

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқушылардың жаппай улануына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиғадан кейін жүргізілген тексеру мектеп асханасында санитариялық талаптардың сақталмағанын көрсетті. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды qaznews.kz.

Зертханалық зерттеу нәтижесінде асханада дайындалған кейбір тағамдардан микробтық ластану белгілері анықталған. Сондай-ақ тағамдар мен ас үй ыдыстарынан ішек таяқшасы табылған. Бұған қоса, тазарту және залалсыздандыру жұмыстарына пайдаланылған ерітіндінің құрамы да белгіленген нормаларға сәйкес келмеген.

Мамандар асхана қызметкерлерінің 38-ін тексерген. Нәтижесінде төрт жұмысшыдан алтын түсті стафилококк бактериясын тасымалдаушылық анықталды. Олар уақытша қызметінен шеттетілген.

Тексеру барысында басқа да кемшіліктер тіркелді. Атап айтқанда, азық-түлік пен тәуліктік тағам үлгілерін сақтау тәртібі бұзылған. Сонымен қатар асханада бекітілген мәзірден ауытқу болған. Кейбір құжаттар мен ас үй жабдықтарында қажетті таңбалау белгілері болмаған.

Осы заңбұзушылықтарға байланысты мектеп әкімшілігіне қатысты әкімшілік хаттама рәсімделді. Ал оқушыларды тамақтандырумен айналысқан «MasterFood» компаниясына қатысты жиналған материалдар полицияға жіберілді.

Қазіргі уақытта оқушылардың улану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр