Астанада өткен «Әділет» партиясының II съезінде делегаттар AMANAT партиясының құрамға қосылуын қолдады. Осылайша елдегі ең ірі саяси ұйымдардың бірі небәрі бірнеше ай бұрын құрылған партияның құрамына ену туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды QazNews.kz
Съезд барысында «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай бұл қадамның саяси емес, ұлттық жауапкершілікке негізделген шешім екенін айтты.
– AMANAT партиясының «Әділет» партиясына қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұратын, ұлттық жауапкершілікке негізделген салмақты шешім, – деді ол.
Еске салайық, 12 маусымда өткен AMANAT партиясының XXVI съезінде делегаттар «Әділет» партиясымен бірігу туралы шешімді бірауыздан қолдаған болатын. Енді бұл шешім «Әділет» партиясының съезінде де мақұлданды.
Саяси сарапшылардың назарын аударған тағы бір мәселе – жаңа біріккен партияның болашақ құрылымы. Айбек Дәдебайдың мәлімдемелеріне қарағанда, сөз дәл AMANAT-тың «Әділетке» қосылуы туралы болып отыр. Бұл жағдайда жаңартылған саяси ұйымның басшылығында да өзгеріс болмауы мүмкін.
Айта кетейік, «Әділет» партиясы 2026 жылдың сәуір айында құрылып, 1 маусымда Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өтті. Партияны 7 мамырдан бастап Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебай басқарады.
Бұған дейін жаңа партияның платформасы eGov порталында пайда болып, азаматтарға онлайн түрде партия қатарына қосылу мүмкіндігі берілген еді.
Соңғы апталарда «Әділет» партиясының қатарына белгілі мемлекеттік қызметкерлердің қосылуы мүмкін екені туралы ақпараттар да тарады. Сарапшылардың пікірінше, AMANAT пен «Әділеттің» бірігуі елдің партиялық-саяси жүйесіндегі соңғы жылдардағы ең маңызды өзгерістердің біріне айналуы ықтимал.
Енді басты сұрақ – жаңа саяси құрылым қандай форматта жұмыс істейді және ол Қазақстанның саяси кеңістігін қаншалықты өзгертеді?