Бүгін Астанада жаңа Салық кодексі жобасындағы даулы нормаларға арналған баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараны Салық альянсы ұйымдастырды. Жиын барысында кәсіпкерлер мен салық саласының сарапшылары арнайы салық режимі (СНР) мен жалпыға бірдей белгіленген режим (ЖБР) арасындағы операциялар бойынша шегерімдерге тыйым салу нормасына қатысты өз ұстанымдарын білдірді, деп жазады QazNews.kz
Баспасөз конференциясының спикерлері қатарында кәсіпкер, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова, Қазақстан салық консультанттары қауымдастығы басқарма төрағасы, Салық альянсының мүшесі Сәкен Карин, фармацевтика саласындағы кәсіпкер Самат Исабаев және өзге де бизнес өкілдері болды.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа Салық кодексі жобасында көзделген шегерімдерге тыйым салу нормасы жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін 400 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісіне тікелей қауіп төндіреді. Бұл – жеңілдетілген салық режимін қолданатын кәсіпкерлердің шамамен 40 пайызы. Сонымен қатар, осы кәсіпкерлермен өндірістік, сауда және сервистік тізбектер арқылы байланыс орнатқан жалпы режимдегі 155 мыңнан астам компания да теріс әсерге ұшырамақ.
Жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін 400 мың кәсіпкердің артында 968 мың жалдамалы қызметкер бар. Осылайша, даулы норма кемінде 1,36 млн экономикалық белсенді азаматтың (кәсіпкерлер мен олардың қызметкерлері) әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер етуі мүмкін.
Салық альянсы өкілдері жаңа Салық кодексінің бірқатар нормалары құқықтық базалық қағидаттарға қайшы келетінін алға тартты. Атап айтқанда:
-
жалпы режим мен СНР қолданатын контрагенттер арасындағы операциялар бойынша шегерімге тыйым салу (Салық кодексі жобасының 286-бабы 16-тармағы);
-
жеке кәсіпкер мен ЖШС үшін жеңілдетілген СНР-ды қатар қолдануды шектеу (723-бап 2-тармағының 2), 3) және 4) тармақшалары).

Кәсіпкер Жанар Сүлейменованың айтуынша, егер норманың өзі бастапқыда заңдық тұрғыдан негізсіз болса, оның енгізілу себептерін талқылаудың өзі орынсыз.
«Құқықтық мемлекетте алдымен норманың құқықтың негізгі қағидаттарына сәйкестігі тексерілуі тиіс. Салықтық бейтараптық, субъектілер теңдігі және құқықтық айқындық принциптерін бұзатын норма қандай да бір фискалдық уәжбен ақталмайды», – деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, бұл норманың шынайы салдары – келісімшарттардың бұзылуы, шағын бизнестің балама режимдерге кетуі, компаниялардың жасанды бөлшектенуі, инвестициялардың қысқаруы және салық жүйесіне деген сенімнің төмендеуі. Мұндай теріс әсерлер норманың күші жойылған күннің өзінде кейін толық өтелмейді.
Өз кезегінде Сәкен Карин жеңілдетілген декларация негізіндегі СНР қолданатын салық төлеушілерден алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша шегерім құқығын қалпына келтіруді және аталған нормаларды жедел қайта қарауды ұсынды.

Ал кәсіпкер Самат Исабаев бұл тыйымның заңбұзушылықпен күрес құралы бола алмайтынын атап өтті.
«Бұл норма көлеңкелі экономиканы азайтпайды. Керісінше, адал бизнеске түсетін шығынды арттырып, шаруашылық байланыстарды бұзады және бағаның өсуіне әкеледі», – деді ол.
Салық альянсының қатысушылары даулы нормалар қайта өңдеуге жатпайтынын, оларды жаңа Салық кодексі жобасынан толық алып тастау қажет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ бизнес пен қоғамның қатысуымен ашық диалог форматында мекенжайлы, экономикалық тұрғыдан негізделген реттеу тетіктерін әзірлеуді ұсынды.
