Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жоспарланған үш жылу электр орталығының құрылысы уақытынан кешігіп жатқанын мәлімдеді, деп жазады QazNews.kz
Аталған нысандар бастапқыда Ресейдің қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс болған. Алайда кейін ресейлік тарапта қаржыландыру мәселелері туындап, соның салдарынан Көкшетаудағы ЖЭО құрылысы ұлттық «Самұрық-Энерго» компаниясының қарамағына берілді.
Мемлекет басшысы барлық жобалар экологиялық талаптарға сай, «таза көмір» технологияларын қолдану арқылы жүзеге асуы қажет екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, көмір қоры жеткілікті әрі өндірістік әлеуеті жоғары бола тұра, Қазақстан электр энергиясы бойынша сыртқы импортқа тәуелді болмауы тиіс.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елде электр энергиясын өз күшімен өндіруді дамыту ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін жеткізді. Ол Қазақстанның көмір қоры мол екенін, жыл сайынғы көмір өндіру көлемі 110 млн тоннадан асатынын айтып, бұл стратегиялық мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.
