Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев жол инфрақұрылымын дамыту барысы туралы баяндама жасады.
Қазір ауданда 86,4 шақырым болатын жол орташа жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жұмыстар Шаңырақ-1, Шаңырақ-2, «14-территория», Ақбулак, Алғабас, Зерделі, «АЗТМ», Боралдай, Байбесік, Шапағат, Өжет, «Птицевод», Қарасу, Саялы-1, Саялы-2, Көкқайнар, Самғау, Төлебай сынды 18 шағынауданды қамтыған. Жөндеу жұмыстары тамыз айында басталып, жалпы 172 көшеде жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, ауданда Боралдай және Рахат–Мәдениет шағынаудандарында Алматы қалалық мобильділік басқармасының тапсырысымен жаңа жолдардың құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 45 көшеде шұңқырлар бітеліп, тегістеліп, 50 мың шаршы метр жол жабыны жаңартылды.
Жөнделген жол сапасы бақылауда
Жаңартылған және жаңадан салынған жолдардың сапасын бақылау мақсатында Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының мамандары тексеріс жүргізді. Мамандар жөнделген учаскелерден тиісті сынамалар алып, асфальт жабынының тығыздығы, қалыңдығы, құрамы және төсеу технологияларының сақталуын зертханалық жағдайда жан-жақты талдады.
Сапа бақылауындағы бұл жұмыстар — аталған мекеменің қала жолдарының қауіпсіз әрі ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін айқындайды. Ұлттық орталық мамандары Алматыдағы жол инфрақұрылымын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп, әрбір учаскенің сапалы орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізуде.
