Қазақстан 2027 жылдан бастап мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді моделіне көшуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Қауіпсіздік кеңесінің қорғаныс саласын реформалау мәселелеріне арналған отырысында айтылды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, қорғаныс саласын реформалау жөніндегі ұсыныстар әзірлеп, оларды кеңестің қарауына енгізуді тапсырды.
Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаеваның айтуынша, реформа аясында Қарулы күштердің құрылымы мен құрамы қайта қаралып, басқару және қорғанысты жоспарлау жүйесі жетілдіріледі. Сонымен қатар Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру және армияның негізгі құрамдас бөліктерін күшейту көзделген.
Жаңа модель бойынша мерзімді әскери қызмет екі кезеңнен тұрады. Алғашқы алты айда сарбаздар оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет етеді.
Бұл ретте жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында тапсырмаларды орындауға басымдық беріледі.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.


