Алматы облысының Іле ауданында жеке меншікке заңсыз берілген 100 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жер учаскелері орман өсіру мақсатында берілгенімен, олардың аумағында бірде-бір орман екпесі болмаған, деп жазады QazNews.kz.
Іле ауданының прокуратурасы жер учаскелерін жеке меншікке беру кезінде заң талаптарының бұзылғанын анықтады. Атап айтқанда, 2009–2011 жылдары бір жеке тұлғаға орман өсіру мақсатында жалпы көлемі 100 гектар болатын екі жер учаскесі берілген. Оның бірі – 12 гектар, екіншісі – 88 гектар.
Прокуратураның мәліметінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы бұл жерлер заңнамада көзделген міндетті аукциондар өткізілместен жеке меншікке берілген.
Прокурорлар жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағанын да анықтады. Орман өсіру үшін берілген 100 гектар аумақта орман екпелері болмаған.
Осыған байланысты прокуратура сотқа талап арыз түсірген. Сот екі жер учаскесін жеке меншікке берудің негіздерін заңсыз деп танып, прокуратураның оларды мемлекет меншігіне қайтару туралы талаптарын қанағаттандырды. Нәтижесінде жалпы көлемі 100 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.


