Қарағандыдан жарысқа барған 15 жас футболшы Ташкенттегі қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін ауруханаға жеткізілді. Балалардың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Бұл туралы ата-аналары хабарлаған, деп хабарлайды qaznews.kz.
Оқиға 31 қазанда болған. Ата-аналардың айтуынша, жұмыртқа жемеген сегіз бала ауырмаған.
Жергілікті дәрігерлер балаларға алдын ала улану диагнозын қойған. Алайда әзірге улануға нақты не себеп болғаны белгісіз. Зертханалық талдау нәтижелері әлі дайын емес.
Ата-аналардың шағымынан кейін жас спортшыларды жедел жәрдем көліктерімен басқа ауруханаға ауыстыра бастаған. Оқиға орнына Қазақстанның консулы мен Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары барған.
Ата-аналарға медициналық тексеру нәтижелерін 12 сағат ішінде ұсынуға уәде берілген.


