Жұма, 23 октября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпАқмола облысында әкесі мен баласы 77 жылқы ұрлады деген күдікке ілінді

Ақмола облысында әкесі мен баласы 77 жылқы ұрлады деген күдікке ілінді

Ақмола облысында 77 бас жылқыны ұрлады деген күдікпен Степногорск қаласының екі тұрғыны ұсталды. Олар – әкесі мен баласы. Мал иесіне келтірілген шығын көлемі 25 млн 450 мың теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды qaznews.kz.

Полицияға жылқылардың жоғалғаны туралы арыз биыл мамыр айында түскен. Мал Ерейментау ауданындағы ауылдардың бірінің маңында еркін жайылымда жүрген. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдары бірнеше ай бойы іздестіру жұмыстарын жүргізген.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер көктемде жылқыларды көлікпен Степногорск қаласына жеткізіп, қала сыртындағы қораларда ұстаған. Кейін малды біртіндеп сатып жіберген болуы мүмкін.

Күдіктілер қолға түскеннен кейін 40-тан астам жылқы заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта әкесі мен баласы қамауда отыр. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Осыған байланысты полиция мал иелеріне жануарларды қараусыз қалдырмауға және жайылымдарды тұрақты түрде тексеріп отыруға кеңес берді.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр