Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек — Аза тұту күні деп жарияланды, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды, делінген Ақорда хабарламасында.
Еске салайық, бүгін Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 24 қыркүйекте Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен.
Алдын ала дерек бойынша, теңізге барлығы 19 әскери қызметші кеткен. Қазіргі уақытта олардың 9-ының қаза тапқаны белгілі болды.
Сондай-ақ үш әскери қызметші құтқарылған. Оның біреуі ауруханаға жеткізілген. Қалған сарбаздарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен техникасы шұғыл жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, авиация және басқа да тиісті құрылымдар тартылған.
Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Маңғыстау облысына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың жетекшілігімен арнайы комиссия аттанды.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің отбасы мен жақындарына көңіл айтып, марқұмдардың туыстарына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Ведомство іздестіру-құтқару жұмыстарының барысы туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын хабарлады.


