Кассациялық сот жүкті әйелін азаптады деп танылған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғынына қатысты шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың тамызы мен қазаны аралығында ер адам жұбайына жүйелі түрде күш көрсеткен. Ол әйелінің басынан, бетінен, иығынан және ішінен ұрып, буындырып, мойнына шаңсорғыштың сымын байлаған.
Сондай-ақ сот дерегінше, айыпталушы әйелді үйден шығармай ұстап, қорқытып, медициналық көмекке жүгінуіне мүмкіндік бермеген.
Бірінші сатыдағы сот ер адамды кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Кейін апелляциялық алқа да бұл үкімді күшінде қалдырған.
Кассациялық сот істі қайта қарап, сотталған азаматтың кінәсі жәбірленушінің және куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен, медициналық құжаттармен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденген деген қорытындыға келді.
Осыған байланысты сот жазаны жеңілдетуге негіз жоқ деп тауып, төменгі сатыдағы соттардың шешімдерін өзгеріссіз қалдырды.


