Сәрсенбі, 23 сентября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпҚазҰУ-да «Анаға тағзым» кітабы таныстырылды

ҚазҰУ-да «Анаға тағзым» кітабы таныстырылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек ардагері, батыр ана Нұрғылқасыл Қасқарбайқызының 100 жылдығына арналған «Анаға тағзым» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды qaznews.kz.

Алқалы жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, белгілі ғалым Асылы Осман, ақын Бауыржан Жақып бастаған зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Еңбектің авторы – кәсіпкер, экономика ғылымының кандидаты, меценат Мұрат Әділханов. Туындыда кейіпкердің бала тәрбиесіндегі ұстанымдары, отбасына деген мейірімі мен туған жерге деген сүйіспеншілігі арқылы ана еңбегінің адам өміріндегі орны кеңінен көрініс тапқан.

Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім ана өнегесі мен перзенттік парыз тақырыбына арналған. Екінші бөлімде автордың ақындық шығармашылығы қамтылған. Ал «Қоғамдық меценаттық қызметтер» атты үшінші бөлімде Мұрат Әділханұлының білім, мәдениет, әлеуметтік және қоғамдық бағыттардағы игі бастамалары баяндалады.

Дөңгелек үстел барысында ҚР премьер-министрінің орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтау хаты оқылды. Хатта: «Нұрғылқасыл Қасқарбайқызы сұрапыл соғыс жылдарында аянбай еңбек етіп, тыл игеру ісіне және ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосты. Тағдырдың сынағына мойымаған асыл ана – қазақ өркениетінің, қайсарлық пен парасаттың, адамгершілік пен еңбекқорлықтың шынайы символы. «Анаға тағзым» кітабы өткен тарих пен бүгінгі ұрпақты жалғайтын құнды рухани қазына», – делінген.

Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев бұл еңбектің жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды рухани қазына екенін атап өтті.

«Нұрғылқасыл Қасқарбайқызының ғибратты ғұмыры – төзім мен еңбекке, мейірім мен жауапкершілікке негізделген өмір мектебі. Он екі перзент тәрбиелеп, олардың әрқайсысының азамат болып қалыптасуына үлес қосуы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық үлкен өнеге. Осындай тағылымды тұлғалардың өмір жолын кітап арқылы насихаттау ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің бір жолы», – деді Жансейіт Түймебаев.

Басқосуда сөз алған қонақтар Аягүл Миразова, Асылы Осман, Бауыржан Жақып және басқа да зиялы қауым өкілдері кітаптың мазмұны мен тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталды.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр