Сейсенбі, 22 сентября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпҚазақ ғалымдары егін өнімділігін арттыратын жаңа препарат әзірледі

Қазақ ғалымдары егін өнімділігін арттыратын жаңа препарат әзірледі

Қазақстандық ғалымдар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға арналған жаңа препарат жасап шығарды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің зерттеушілері әзірлеген «NanoKukirt» өнімі органикалық егіншілікте қолдануға арналған, деп хабарлайды Qaznews.kz.

Жоба Ғылым қорының гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылған. Оның мақсаты – отандық агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлес қосып, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу.

Тыңайтқыш та, өсімдікті қорғайтын құрал да

«NanoKukirt» сұйық және суспензия түрінде шығарылады. Ғалымдардың айтуынша, препарат өсімдіктерге қажетті қоректік заттарды беріп қана қоймай, саңырауқұлақ тектес аурулардан қорғауға да көмектеседі.

Препарат құрамында өсімдіктің өсуі мен дамуы үшін маңызды күкірттің мөлшері – 25%, ал кальцийдің үлесі – 5%.

Жоба жетекшісі, профессор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың сөзінше, өнім құрамында зиянды химиялық заттар жоқ. Сондықтан оны органикалық егіншілікте қауіпсіз пайдалануға болады.

Сынақ нәтижесі: жүгері өнімділігі үш есеге артқан

Жаңа препарат ҚазҰУ-дың агробиостанциясында және Түркістан облысындағы егістік алқаптарында сынақтан өткен.

Зерттеу барысында «NanoKukirt» дәнді, көкөніс және бұршақ тұқымдас дақылдардың тамыр жүйесінің дамуын жақсартып, түйнек түзу үдерісін жеделдететіні және өсімдіктің азотты тиімді сіңіруіне ықпал ететіні анықталған. Сонымен қатар ғалымдар топырақтың микробиологиялық жағдайын зерттеп, препаратты қолданудың оңтайлы мөлшерін белгілеген.

ҚазҰУ-дың ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ұлтанбекованың айтуынша, жүгері тұқымын 24 сағат бойы «NanoKukirt»-тің 2 пайыздық ерітіндісіне жібіту өнімділікті айтарлықтай арттырған.

«Сынақ нәтижесінде жүгері алқаптарындағы өнім гектарына 20,41 тоннадан 61,22 тоннаға дейін өсті. Яғни өнімділік шамамен үш есеге артты. Сонымен бірге өсімдіктердің фитопатогенді саңырауқұлақтарға төзімділігі күшейіп, ауруға шалдығу деңгейі төмендеді», – деді ол.

Өнім сертификат алып, өндіріске енгізілді

Қазіргі уақытта «NanoKukirt» препараты органикалық ауыл шаруашылығында қолдануға рұқсат беретін ресми сертификатқа ие болған. Өнім өндірісі бекітілген стандарттарға сәйкес жолға қойылған.

Жоба аясында бүгінде 15 ғылыми қызметкер еңбек етеді. Оның алтауы өндірістік цехта тікелей жұмыс істеп, препарат шығарумен айналысады.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр