Жұма, 18 сентября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпҚазақстан екінші рет Miss Grand International байқауында ел намысын қорғайды: Анель Емел...

Қазақстан екінші рет Miss Grand International байқауында ел намысын қорғайды: Анель Емел Бангкокта халықаралық сахнаға шығады

Алматыда Қазақстан атынан Miss Grand International 2026 халықаралық сұлулық байқауына қатысатын Анель Емелге арналған баспасөз конференциясы өтті. Қазақстан әлемдегі ең ірі халықаралық сұлулық байқауларының бірі саналатын бұл додаға екінші рет қатысады. Биыл байқауға әлемнің 75 елінен келген өкілдер қатысады, деп хабарлайды qaznews.kz.

Анель Емел үшін Miss Grand International байқауы осы ұйым аясындағы алғашқы халықаралық байқау болмақ. 28 жастағы модель Қазақстанның атынан Бангкокта өтетін әлемдік додада ел намысын қорғайды. Байқау 18 қыркүйек пен 10 қазан аралығында өтеді.

Анель халықаралық сахнаға жолдаманы 2025 жылы өткен «Қазақстан Аруы» Ұлттық сұлулық байқауына қатысып, үздік 5 финалистің қатарына енуі және Miss Grand Qazaqstan атағын иеленуі арқылы алды. Дәл осы атақ оған Қазақстан атынан Miss Grand International 2026 байқауына қатысуға мүмкіндік берді.

Анельдің халықаралық байқауға дайындығы бір жылға жуық уақытқа созылып, негізінен Париж бен Филиппинде өтті. Ол жерде ару халықаралық сұлулық байқауларына қатысушыларды дайындайтын кәсіби жаттықтырушылармен жұмыс істеді. Дайындық барысыда командасымен бірге халықаралық сахнаға арналған образын, соның ішінде кешкі және ұлттық костюмдерін әзірлеуге ерекше көңіл бөлді.

Анельдің басты образдарының бірі – халықаралық сахна үшін арнайы дизайнер әзірлеген ұлттық костюм.Костюмнің негізіне қазақ мәдениеті үшін айрықша мәнге ие екі символ – Алтын Адам мен шаңырақ алынған.

Алтын Адам бейнесі Қазақстанның ежелгі тарихы мен бай мәдени мұрасына сілтеме жасаса, шаңырақ – отбасы ошағын, бірлік пен ұрпақтар сабақтастығын білдіреді. Бұл элементтер бір-бірімен үйлесіп, өз тамырымен байланысын сақтай отырып, Қазақстанды халықаралық сахнада сенімді түрде таныстыратын заманауи қазақ қызының бейнесін қалыптастырады.

«Ұлттық образ қазақ қызының болмысын – оның күшін, ішкі беріктігін, отбасы және мәдениетімен байланысын жеткізсе екен дедік. Образды әзірлеу барысында ұзақ уақыт жұмыс істедік және соңғы сәтте оны толықтай қайта жасау туралы шешім қабылдадық. Мен үшін жай ғана әдемі костюм жасау емес, оның мән-мағынасын ашып, Қазақстанды біз үшін шын мәнінде маңызды символдар арқылы таныту маңызды болды», – деді Анель Емел.

Баспасөз конференциясында заманауи сұлулық байқауларының трансформациясы және қатысушылар рөлінің өзгеруі де сөз болды. «Қазақстан Аруы» Ұлттық сұлулық байқауының директоры Рамина Ибрагимова бүгінде сұлулық байқаулары қыздардың тұлғалық дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беретін платформаға айналып келе жатқанын атап өтті.

«Сұлулық байқаулары өзгерді. Бүгінде бұл тек сыртқы келбетке қатысты емес. Қыздардың өзін-өзі дамытуына, біліміне, кәсіби жетістіктеріне, қоғамдық ұстанымы мен жүзеге асырып жатқан бастамаларына көбірек көңіл бөлінеді. Қазақстанды таныстыратын қыздың тек сұлулық туралы ғана емес, өзі үшін маңызды тақырыптар туралы да еркін сөйлей алуы, өз пікірі, білімі, тәжірибесі және алдағы уақытта немен айналысқысы келетіні туралы түсінігі болғаны біз үшін маңызды», – деп атап өтті Рамина Ибрагимова.

Анель үшін Miss Grand International байқауына қатысу маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеруге де мүмкіндік береді. Байқау аясында ол отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі мен зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерді қолдаудың маңыздылығына арналған жобасын таныстыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Анель қайырымдылықпен айналысып, балалар үйлеріне барып тұрады. Ол балаларға қолдау көрсетіп, өз мүмкіндіктері мен болашағына сенуге ынталандыруға тырысады.

Анель өзінің модельдік мансабын 17 жасында Алматыда бастаған. 18 жасында Италияға көшіп, кәсіби мансабын сол жерде жалғастырды. Бүгінге дейін ол Милан мен Париждегі модельдік агенттіктермен жұмыс істеп, еуропалық және араб брендтерінің көрсетілімдеріне қатысты. Сондай-ақ KIKO және Guess брендтерінің жарнамалық науқандарына бет-бейне болды.

Модельдік мансабымен қатар, Анель Италияда жоғары білім алған. Ол Миландағы IULM университетінде коммуникация және кино факультетінде, сондай-ақ Università degli Studi di Milano университетінде менеджмент және HR бағыты бойынша білім алған.

Анель Емелдің бұл байқауға қатысуы Қазақстанның Miss Grand International сахнасындағы екінші көрінісі болмақ. «Қазақстан Аруы» Ұлттық сұлулық байқауы үшін бұл – Қазақстанды және қазақ қыздарын әлемдегі ең ірі сұлулық байқаулары өтетін халықаралық сахналардың бірінде таныстыру бағытындағы жұмыстың жалғасы.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр