Таиландтағы мектептердің бірінде болған қарулы шабуыл салдарынан алты адам көз жұмды. Қаза тапқандардың қатарында үш мұғалім мен үш оқушы бар, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға 7 тамыз күні таңертең Бангкок қаласының маңындағы Дебсирин Нонтхабури мектебінде болған. Тағы 15 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Зардап шеккендердің екеуінің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Алдын ала ақпарат бойынша, атысты осы мектептің оқушыларының бірі ұйымдастырған. Бастапқыда күдіктінің қаза тапқаны туралы хабар тарағанымен, кейін оның ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілгені анықталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол өзіне қол жұмсамақ болған.
Полицияның мәліметінше, шабуыл кезінде қолданылған қару күдіктінің туыстарының біріне тиесілі болған. Алайда қарудың оқушының қолына қалай түскені әзірге белгісіз.
Дебсирин Нонтхабури мектебі Бангкок маңындағы беделді білім беру мекемелерінің бірі саналады. Ресми дерекке сәйкес, 2025 оқу жылында мұнда шамамен 3100 оқушы білім алып, 147 мұғалім қызмет еткен.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.


